Алматыда архив құжаттары негізінде жазылған кітаптың тұсаукесері өтті
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивте "Национально-освободительное движение казахского народа в конце XVIII – начале ХХ веков" атты архив құжаттары материалдар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған кітап ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архиві және Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бірлесіп атқарған еңбектерінің арқасында жарыққа шығып отыр.
Кітапқа бұған дейін еш жерде жарияланбаған архивтік құжаттар енген. Мамандардың айтуынша, тың деректер Ресейдің архивтерінен алынған.
Тұңғыш президент - Елбасының "Архив-2025" бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өзара келісімшарты негізінде Орталық мемлекеттік архив тарапынан 7 қызметкер арнайы іссапармен Ресейдің бірқатар архивтеріне барып, қазақ тарихына қатысты құжаттарды айқындап, жинақтап әкелді, - дейді Орталық мемлекеттік архив директоры Арнұр Қарымсақов.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов кітапқа хандар мен Ұлт-азаттық көтеріліске қатысты тың деректер енгенін айтты.
Кітапта бұрын кездеспеген, ғылыми айналымда болмаған құжаттар бар. Әсіресе, Сырым Датұлы, Хан Кенесары тұралы бұрын жарияланбаған құжаттар кездеседі. Сонымен қатар, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске байланысты көптеген тың құжаттар бар. Бұл көтеріліс "Торғай даласында, Жетісуда" болды деп айтылатын, сөйтсек көтеріліс еліміздің Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу және Сырдария сияқты алты облысында болған екен, - дейді ол.
Жиын барысында сондай-ақ Ресейдің Мәскеу, Орынбор, Санкт-Петербург архивтерінен әкелінген түпнұсқа құжаттарды көпшілік қауымға таныстырылып, арнайы көрме ұйымдастырылды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы