АрХО-2021. Қазақстан танкистері үшінші орын алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында Армия халықаралық ойындарының «Танк биатлоны» конкурсы аяқталды. Ел әскерінің намысын қорғаған команда үшінші орын иеленді.

Ақтық жарыс айналымына Әзербайжанның, Қазақстанның, Қытай мен Ресейдің танк экипаждары шықты.

Қазақстандық танкистер барлық атыс шебін дәл көздеп, оқ атудан шеберліктерін көрсетті. Үш атыс шебінен басқа жаңбыр суынан лайланған трассадағы он бір кедергі сайысты қиындатты.

Айналым барысына ресейлік танкистер бірден алға озып шықты, олардың соңынан сәл айырмашылықпен Қытай танк экипаждары жетті.  Жүлделі орын үшін тартыс Қазақстан мен Әзербайжан арасында өрбіді.

Ақтық сын айналымындағы нәтижелерге келсек, бірінші болып мәреге жеткен – ресейліктер, екінші – Қытай командасы.

Экипаждар жаттықтырушылардан нақты тапсырма алып, оны орындауға тырысты. Нәтижесінде үшінші орын алдық. Қорғаныс ведомствосы басшылығының, жаттықтырушылардың және біздің әскери бөлімдер басшылықтарының қолдауына алғысымыз зор, – деді экипаж командирі аға лейтенант Сейітжан Қобыланұлы.

Ақтық сайыстан кейін «Патриот» паркінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті.

Биыл «Танк биатлонына» Әзербайжан, Абхазия, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Катар, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Сербия, Лаос, Мали, Оңтүстік Осетия, Сирия, Өзбекстан және Мьянма елдерінен 19 команда қатысты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы