Архив саласын цифрландыру: Алматыда сарапшылар бас қосты
Іс-шара барысында архив ісін заманауи талаптарға бейімдеу, цифрлық технологияларды енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.
Алматыда архив саласын цифрландыру мәселелеріне арналған халықаралық деңгейдегі маңызды ғылыми-практикалық конференция өтті. «Цифрлық трансформация жағдайындағы архив ісі мәселелері» тақырыбындағы жиынға Қазақстанмен қатар Польша, Ресей, Қытай, Малайзия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген сала мамандары, ғалымдар мен жас зерттеушілер қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара барысында архив ісін заманауи талаптарға бейімдеу, цифрлық технологияларды енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар құжаттарды цифрландырудың маңызына тоқталып, бұл үдеріс тарихи мұраны сақтауға, ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға және архив жұмысының тиімділігін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар конференцияда кадр даярлау сапасын арттыру, архив саласына жаңа технологияларды меңгерген мамандарды тарту, сондай-ақ деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібінде болды. Цифрландыру дәуірінде ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғау – архив ісінің басты бағыттарының бірі екені ерекше айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша архив саласын одан әрі дамыту, халықаралық тәжірибе алмасуды жалғастыру және цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізу қажеттігі белгіленді. Мұндай бастамалар тарихи-мәдени мұраны сақтаумен қатар, оны болашақ ұрпаққа қолжетімді әрі жүйелі түрде жеткізуге мүмкіндік береді.