Архимед Мұхамбетов: Халықтың қазынасынан бөлінген қаржы халық игілігіне жұмсалуы керек

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов облыс орталығындағы жөндеуден өтіп жатқан көп қабатты үйлердің аула аумақтары мен көшелердегі жұмыс барысымен танысты.

Облыс әкімінің аталмыш нысандарға ерекше мән беруінің өзіндік сыры бар. Себебі, облыстың және ел қазынасынан бөлінген қаражаттың қомақты бөлігі Қостанай қаласының автокөлік жолдары мен балалар ойнайтын алаңдарын күрделі және ағымдық жөндеуден өткізуге жұмсалып отыр.

Биыл Қостанай қаласының автомобиль жолдарын жөндеуге 2,9 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатқа қаладағы 41 көше мен 70 балалар алаңын жөндеу жұмыстарынан өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 17 көшені орташа, ал 24 көшені ресайклинг әдісімен жөндеу жоспарланған. Ең бастысы халықтың қазынасынан бөлінген қаржы халық игілігіне жұмсалуы керек,- дейді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Қолда бар деректерге сүйенсек, жалпы Қостанай қаласында барлығы 523 көп қабатты тұрғын үйлердің алдындағы балалар ойнайтын аула бар екен. Оның 56 пайызы осы уақытқа дейін жөндеуден өтіпті. Бұл бағытта жұмыстар алдағы уақытта да жалғастырылатын болады. 

Аталмыш нысандардан кейін Архимед Мұхамбетов жақында ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің өнімдерін ешқандай делдалсыз тұтынушыға жеткізетін фермерлік базарды аралап, баға нарығымен танысты.

Бұл фермерлік базардың жобалық құны 200 млн теңге. Нысан жеке инвестициялар есебінен ашылды. Базардың жалпы ауданы 4000 ш.м. астам. Оның сыртында 350 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыз жүрген қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қанымдап отыр.Фермерлер базары ауыл мен қала тұрғындары үшін қолайлы. Өйткені, олардың біреуі өз тұтынушыларына өндіріп өтырған тауарларын тікелей жеткізсе, екіншісі құнарлы құрт-майы мен мал еттерін өндірушілерден тікелей сатып алады. Сондықтан, бұл жердегі баға қарапайым халықтың қалтасын қақпауы керек. Билік тарапынан сатушыларға барынша жеңілдік жасалып отыр,- деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

 

Өңір басшысы Қостанай қаласын аралау барысында облыс орталығының тізгінін ұстап отырған Марат Жүндібаевқа барлық жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі белгіленген уақытта аяқтауды тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы