Археолог мамандарды дайындау өзекті болып тұр – Археология институтының директоры

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда Ғылым күніне орай дәстүрлі «Марғұлан оқулары – 2022» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр.

Екі күнге жалғасатын конференцияны ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультеті бірлесе ұйымдастырды.


Конференцияда 2021 жылы Қазақстан аумағы мен көршілес мемлекеттерде жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижелері көрсетіліп, талқыланды.

Әр саланың жетекші ғалымдары ашқан жаңалықтары және зерттеу тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ археология ғылымын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланды.


Ә. Марғұлан атындағы Археологиялық институттың бас директоры Ақан Оңғарұлының айтуынша, қазір археология, этнология бойынша бес университет маман дайындап жатыр. Оған қоса бұл саладағы ғалымдардың 49,5 пайызы жастар.

Министрдің тапсырмасы бойынша мамандарды мектептен бастап дайындау, кейін студент, жас ғалымдармен жұмыс істеу, одан бөлек жетекші ғалымдарды ұстап қалу, жобаларға тарту жөнінде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір археология саласы бойынша арнайы топты дайындау қажет деген ұсыныс енгізіп отырмыз. Бұл жердегі негізгі мақсат - археологияны жеке шығару арқылы салалық мамандарды дайындау, – дейді инстутут директоры.


Шара барысында 2021 жылғы далалық археологиялық зерттеулердің нәтижелері, тас дәуірінің зерттеулері, ерте металл дәуірін зерттеудің жаңа деректері мен нәтижелері, еуразиялық мәдени кеңістігі контекстіндегі ерте көшпелілер, орта ғасыр кезеңіндегі қала мен дала, археологиялық зерттеулердегі пәнаралық тәсілдер және басқа да тақырыптарда баяндамалар оқылып, талқыланды.  

Конференция жұмысына еліміздің жетекші ғалымдары, сондай-ақ АҚШ, Әзірбайжан, Бельгия, Италия, Қырғызстан, Ұлыбритания, Өзбекстан және Ресей ғалымдары қатысып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы