Әрекетке қабілетсіз тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік екі қызмет цифрландырылды

Еңбекмині әрекетке қабілетсіз тұлғалармен байланысты екі мемлекеттік көрсетілетін қызметті цифрландырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп "Әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу" және "Әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамның мүлкіне билік ету, шотына түскен зейнетақыларды, жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді алу бойынша және соттың шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың мүлкін иеліктен шығаруға рұқсат беру" мемлекеттік қызметтерін "Электрондық үкімет" порталы арқылы көрсетуді іске асырды.

Бұған дейін сот әрекетке қабілетсіз деп таныған кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеуге, сондай-ақ қорғаншылықтағы немесе қамқорлықтағы адамдардың мүлкіне билік етуге рұқсат беру үшін құжаттарды қабылдау тек қағаз түрінде жүзеге асырылған болатын.

Жоғарыда көрсетілген қызметтерді "Электрондық үкімет" порталы арқылы алу мүмкіндігі өтініштер мен құжаттарды қағаз жеткізгіште беру қажеттілігін болдырмайды, сонымен бірге қызмет көрсетудің бизнес-процестерін жеңілдетуге ықпал етеді, әрі көрсетілетін қызметті алушылардан дәйексіз деректерді ұсыну бойынша тәуекелдерді азайтататын болады. Бұл оларды көрсету үшін қажетті мәліметтер (цифрландырылған деректер болған жағдайда) мемлекеттік органдардың интеграцияланған ақпараттық жүйелерінен келіп түсетіндігіне байланысты болып отыр.

Қорғаншылықты/қамқоршылықты белгілеуге не әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі адамның мүлкіне билік ету бойынша рұқсат беруге арналған өтініштерді қарау қорытындылары бойынша "Электрондық үкімет" порталында өтініш берушінің жеке кабинетіне көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық құжат нысанында тиісті бұйрық не болмаса дәлелді бас тарту түріндегі хабарлама жіберіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Өзгелердің жаңалығы