Ардақ Монтаев: Ескі Конституция – орталықтандырылған жүйенің мұрасы
Cаясаттану кафедрасының меңгерушісі, PhD, доцент Ардақ Монтаев қолданыстағы Конституция мен жаңа Конституция жобасының айырмашылықтарын талдап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ескі Конституция – басқа дәуірдің мұрасы. Ең алдымен, қолданыстағы Конституция өзінің логикасы мен рухы, әсіресе ішкі құрылымы жағынан көп жағдайда кеңес заманының сипатын сақтап қалған, - деді кафедра меңгерушісі.
Ардақ Монтаев қолданыстағы Конституцияның төмендегідей кемшіліктерін атап берді:
“Біріншіден, ол тым орталықтандырылған. Онда мемлекет басты субъект ретінде көрінсе, адам көбіне басқару нысаны ретінде қабылданады. Билік вертикалі қатаң құрылған, билік тармақтары арасындағы нақты тепе-теңдікке арналған кеңістік өте тар.
Екіншіден, ескі редакцияда ұлттық бірегейлік айқын көрінбейді. Мәтіндер әмбебап, бейтарап сипатта, өз тарихы, тілі мен мәдениеті бар нақты бір елге емес, абстрактілі "посткеңестік мемлекетке" арналғандай әсер қалдырады.
Үшіншіден, адам құқықтары қағаз жүзінде бекітілгенімен, жүйенің өзегіне айналмаған. Олар “мемлекет мүддесі”, “қоғамдық тәртіп” сияқты нақты айқындалмаған ұғымдардың көлеңкесінде оңай шектеледі. Соның нәтижесінде Конституция, ең алдымен, институттарды қорғайды, ал адам екінші қатарда қалады.”
Cаясаттану кафедрасының меңгерушісі Жаңа Конституция жобасын өткеннің қисынынан шығып, посткеңестік кеңістіктен тыс, заманауи мемлекет моделіне көшуге жасалған талпыныс деп бағалады.
“Біріншіден, ол кеңестік стильден – ауыр, өктем, бюрократиялық тілден бас тартады. Оның орнына Конституцияда шенеуніктерге арналған нұсқаулық емес, қоғамның ортақ келісімі ретінде түсіндіретін айқын әрі түсінікті логика қалыптасады.
Екіншіден, жаңа модель анағұрлым теңгерімді. Онда тежемелік әрі тепе-теңдік принципі нығайтылады, институттардың рөлі нақтыланады, биліктің бір орталыққа шоғырлануы азаяды. Мемлекет қоғамның “үстінде” емес, оның ішінде қызмет ететін жүйеге айналады.
Үшіншіден, Конституция алғаш рет өзіміздің кім екенімізді және ерекшелігімізді көрсетеді. Ұлттық ерекшелігіміз, өткен тарихымыз, қоғамдық құндылықтарымыз басты орынға қойылады. Бұл жай декларация емес, кім екенімізді және қайда бет алғанымызды заң тұрғысынан бекіту.”
Ардақ Монтаев ең маңызды дүние ретінде жаңа Конституцияның төрінде адам тұрғанын айтты.
Адам құқықтары мен бостандықтары бүкіл жүйенің іргетасы. Бұл логика бойынша мемлекет өз мүддесі үшін емес, азаматтың қадір-қасиеті, қауіпсіздігі және өзін ашу мүмкіндігі үшін қызмет етеді, - деп қорытындылады сарапшы.