Ардана Саймағамбетов: Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғалары көбейіп барады
Мерейлі мереке қарсаңында Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовпен жүздесіп, өңірде қоғамдық тәртіпті нығайтуда, қауіпсіздікті сақтауда атқарылып жатқан жұмыстар мен ішкі істер органдарының бүгінгі міндеттері жайлы әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
— Алдымен полиция департаментінің атқаратын негізгі міндеттеріне тоқталсаңыз.
— Ақтөбе облыстық полиция департаменті - Ішкі істер министрлігінің облыс аумағындағы полиция органдары мен бөліністеріне басшылық етуді жүзеге асыратын аумақтық бөлініс.
Бүгінде департамент құрамында әкімшілік полиция, көші-қон қызметі, күзет қызметі, криминалдық полиция, есірткі қылмысына және экстремизмге қарсы іс-қимыл қызметі, кадр саясаты, тергеу және анықтау, жедел-криминалистикалық қызметі, сондай-ақ жергілікті полиция қызметі жұмыс істейді. Осылардың ішінде менің қызметіме облыстағы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі бөлімдер, атап айтсақ, әкімшілік полиция қызметі, көші-қон полициясы, жергілікті полиция қызметі, арнайы даярлық басқармасы, күзет қызметі бөлімі мен жедел арнайы жасақтың жұмысын бақылау кіреді.
Қазіргі таңда бізге ортақ басты міндет - қоғамдық және жол қауіпсіздігін сақтау. Егер бұл бағыттағы жұмыстар ойдағыдай жүргізілсе, онда облыс тұрғындарының алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасалып жатыр деген сөз. Мұның ішінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ең алдымен, қылмыстың алдын алу және тіркелген қылмыстық істерді ашумен тығыз байланысты. Бұл орайда көрсеткіштерге тоқталсақ, биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында жалпы қылмыс саны 5,9 пайызға төмендеп отыр. Нақтырақ айтсақ, былтыр өңірде 2452 қылмыс тіркелсе, биылғы көрсеткіш - 2307. Бүгінде біздің көп мән беретініміз - қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар. Яғни, адамдардың жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қуаныштысы, биыл қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың үлесі 13,4 пайызға азайған. Көшеде болатын қылмыстар саны - 8,5 пайызға, кәмелетке толмаған жастардың қатысуымен болған қылмыстар саны - 42 пайызға, оларға қатысты жасалған қылмыстар саны 8,5 пайызға төмендеді. Оның ішінде жыныстық қол сұғушылық деректеріне байланысты қылмыс 11 пайызға азайып отыр.
Бұдан бөлек, қылмыс деректерінің көрсеткішіне әсер ететін тағы бір фактор - бұрын сотты болған адамдардың қайта қылмысқа баруы. Биыл бұл көрсеткіш те төмендеді. Ал азаматтардың мас күйінде қылмысқа бару деректері биыл 8 дерекке көбейді. Мұның басты себебі Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 346-бабына сәйкес мас күйде рөлге отыру деректері өңірімізде көп анықталуда. Міне, осы жағдай қазір жиі тіркелуде.
— Соңғы кезде өңірімізде жол-көлік оқиғалары көбейіп кетті. Осы мәселенің алдын алуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Өкінішке қарай, биыл облыста жол-көлік оқиғаларының саны 33 пайызға артып отыр. Мәселен, былтыр өңірімізде 164 дерек тіркелсе, биыл 214 жол-көлік оқиғасы болған. Соның салдарынан жарақат алған жолаушылардың саны биыл 213-ден 261-ге дейін артқан.
Жалпы, былтыр жол-көлік оқиғаларына қатысты деректер басқаша саналған, биыл бұл формат өзгерді. Мәселен, бұрын жол апаты болған жағдайда екі тарап келісімге келсе, онда ол жол-көлік оқиғасы ретінде тіркелмейтін. Ал биыл болған оқиғалардың барлығы осы бағыттағы көрсеткіштерге кіргізіліп отыр. Мәселен, былтыр Ақтөбе облысында жол апатынан 32 адам көз жұмса, биыл қаза болғандар саны - 47. Сәйкесінше жол апатынан көз жұмғандар саны 47 пайызға көбейген. Айта кету керек, бұл жерде 24 адам облыс аумағында болған 4 жол-көлік оқиғасынан көз жұмды. Мәселен, 8 адам жол-көлік оқиғасы салдарынан көлікте өртеніп кетті. Қобда ауданынан келе жатқан жеңіл көлікке жүк көлігі соқтығысқан. Әлгі жүк көлігінің сол жақ дөңгелегі жарылып, қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан 8 адам оқиға орнында мерт болды. Сондай-ақ тағы 5 адам екі көліктің соқтығысуынан қаза тапты. Сол сияқты қалған 11 адам көлік жүргізушісінің жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзғанының салдарынан жолда көз жұмды. Әрине, жолаушылардың осындай жағдайда өмірден өтуі өте өкінішті. Бұл орайда қазір біз көлік жүргізушілеріне арнайы рейдтер ұйымдастыру арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
— Былтыр облыста ойын-сауық орындарында ірі қылмыстар болды. Сондай-ақ бүгінде жол-көлік оқиғалары көп тіркеліп жатыр. Осындай қылмыстардың алдын алуда сіздерге кедергі келтіріп жатқан мәселелер бар ма?
— Қазіргі таңда еліміздегі ішкі істер органдарында барынша ашықтықты қамтамасыз етуге жағдай жасалуда. Бір мысал, қазір біз статистика «қумаймыз». Одан гөрі, барынша адамдардың қажеттілігі үшін, сондай-ақ бұрын жіберген кемшіліктерді жою бағытында қарқынды жұмыс жасап жатырмыз. Мәселен, жол қауіпсіздігін алып қарасақ, жүргізілген талдаулар негізінде облыста қарсы бағытқа шығып кету, жылдамдықты асыру сынды деректер көбейіп отыр. Бұл - азаматтардың тікелей жауапкершілігіне байланысты дүние.
Біз өңірдегі барлық көлік жүргізушілеріне жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Бүгінде қаламызда автоматты түрде жұмыс істейтін радар-детекторлар қондырылып жатыр. Сондай-ақ тұрғын үйлердің аулаларына бейнекамералар орнатылуда. Мәселен, биыл жыл соңына дейін облыс бойынша 3 мыңға жуық камера орнатылатын болады. Бүгінге дейін Ақтөбе қаласындағы 66 нүктеге камералар орнатылып, қосылды. Алдағы уақытта Алға, Мұғалжар, Хромтау аудандарында да осындай бейнекамералар орнатылады. Олардың ішінде 2500 бейнекамера қоғамдық қауіпсіздікке арналса, қалғаны жол қауіпсіздігін тексеруге бағытталған. Жалпы, іс жүзінде бейнекамералар көбейсе жол апаттарының саны азаяды. Әрі мұндай бастама полиция қызметкерлерінің аулаларды аралап, қоғамдық тәртіпті қадағалауына зор септігін тигізеді. Өздеріңізге белгілі, бұрын патрульдік полиция мен МАИ қызметі бөлек жұмыс жасады. Оларды қосудағы мақсат - осы бейнекамераларды көбейтіп, полиция мен заң бұзушылар арасында қарым-қатынасты болдырмау, соның нәтижесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Қуаныштысы, қазір бәрі автоматты түрде камераларға жазылады. Ал жазылған дүние ешқашан жоғалмайды, басқа қателіктерге ұрындырмайды.
Енді қызметтік автокөліктерге келсек, бүгінде жол-патрульдік, басқа да қызметтік көліктердің саны жеткілікті. Былтыр облысымызға министрлік тарапынан 25 арнайы көлік берілді. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында орталықтандырылған басқаруды қамтамасыз ететін Кибер-Шериф (автоураган) аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді. Мұндай жүйемен қамтылған 15 арнайы көлігіміз бар. Биыл тағы осындай 5 автокөлік қолданысқа беріледі. Бұл кешендер автоматты түрде автокөліктің салонындағы адамдарды тануға, іздестіру базасына көлік құралдарының нөмірлерін жедел қосуға, қаланың жолдарында рұқсат етілген жылдамдықтан асып кету деректерін анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ жуырда Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова мен Әбілқайыр хан даңғылдарына тесттік режимде «Sunqar» көлік қауіпсіздігі жүйесі орнатылды. Бір апта ішінде бұл жүйе де өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бұл жүйе жүргізушінің қауіпсіздік белдігін таққан-тақпағанын, сондай-ақ ұялы телефонмен сөйлескен-сөйлеспегенін анықтайды. Бұл жүйе ең басында Алматы облысында қолданылған. Біздің өңірге әзірге тек санаулысы ғана әкелінді.
Негізінен, жол апаттарының көбісі жылдамдықты асырумен тікелей байланысты. Биыл жүргізушілердің жылдамдықты асырып, жауапсыздыққа баруы салдарынан өңірде 6 адам жаяу жүргіншілер жолында көз жұмды. Қазір қаламызда жаяу жүргіншілер жолына бағдаршамдар қондырылуда. Бұл да оқыс оқиғалардың алдын алуға септігін тигізеді.
Ал ойын-сауық орталықтарындағы тәртіпсіздіктерге келсек, қазіргі таңда департамент басшылығы мен полиция қызметкерлері жұма-сенбі күндері рейдке шығамыз. Бұл да қылмыс санын азайтып, тәртіптің сақталуына оң ықпал етеді деп ойлаймын. Тәртіп сақшылары көпшілік орында жүрсе, ондай жерлерде әлбетте қылмыстар аз тіркеледі.
Енді өңірдегі мәселелерге тоқталсақ. Жалпы, қазір біз Ақтөбе қаласындағы қауіпсіздік шараларына көп мән береміз. Себебі қылмыстың 80-85 пайызы облыс орталығында тіркеледі. Жыл өткен сайын Ақтөбе қаласында адам саны да, көлік саны да көбейіп келеді.
Сондықтан қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмыстың санын азайтуда, ең алдымен, қаламыздағы жолдарды кеңейту керек. Бұл жөнінде біз облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына өз ұсынысымызды жолдадық. Мәселен, қала аумағында бірнеше жол айрығын салу керек. Себебі жыл өткен сайын Ақтөбеде автокөліктердің саны артуда. Кептеліс кезінде жол айрықтарынсыз жүру мүмкін емес. Жол апаттарының жиі тіркелуінің тағы бір себебі - осы. Жолдар тар, көлік көп. Екіншіден, ішімдік ішуге тосқауыл қоюымыз керек. Ірі қылмыстар осы ішімдік ішудің салдарынан болады. Осы орайда қаламыздағы кафелер мен мейрамханалар бейнебақылау камераларын орнатып, бізбен бірлесіп жұмыс жасағаны абзал. Бұған дейін біз осындай кәсіпкерлік нысандарының басшылары мен өңірдегі байланыс операторларының өкілдерін жинап, ұсыныстарымызды айттық. Меніңше, бұл бастамаға бизнес өкілдері екі қолды көтеріп қолдау көрсетуі керек. Себебі мұның барлығы қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сондай-ақ тағы бір мәселе - қазір полиция қызметкерлерінің көбі жол-көлік оқиғаларының «соңында» жүр. Оған себеп - қаламызда қатты жел болса, бағдаршамдар сағаттап жұмыс істемей қалады. Соның салдарынан барлық қызметкер көшелерге шығып, көлік жүргізушілеріне бағыт сілтеп тұруға мәжбүр. Мәселен, департаментке қарасты 17 наряд болса, соның дені осы олқылықтарды жоюға атсалысады. Өкінішке қарай, бүгінде полиция қызметкерлерінің аулаларда тұрып, тұрғындардың тәртіпті сақтауын қадағалауға мұршасы жоқ. Негізі әр инспектор өз аумағына жауапты болуы керек. Міне, осы орайда қала әкімдігі аталған мәселелердің шешімін табуға тиіс.
Қазір облыста кадр тапшылығы бар ма?
— Қазіргі таңда мамандар тапшылығы жоқ. Дегенмен департаментте жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы, патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы, учаскелік полиция инспекторлары, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары сияқты бос жұмыс орындары бар. Егер ішкі істер органдарында еңбек еткісі келетіндер болса, біздің тараптан ешқандай шектеу жоқ. Ең бастысы, осы салаға келген жас маман барлық талапқа сай болуы керек.
— Елімізде соңғы кезде жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың саны артып барады. Біздің өңірдегі ахуал қандай?
— Ақтөбе облысында жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 25 қылмыс тіркелді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 42 пайызға аз. Өткен жылы 43 қылмыс болған. Ал кәмелет жасқа толмағандарға қатысты болған қылмыс саны - 43. Былтыр 47 қылмыс тіркелген.
Жасөспірімдер көбіне ұрлық, тонау сияқты құқық бұзушылықтар жасайды. Мәселен, биыл жасөспірімдер жасаған 25 қылмыстың 18-і - мүліктік қылмыс. Жалпы, 25 қылмысты 26 жасөспірім жасаған. Олардың ішінде 16-сы колледж оқушысы болса, 7-еуі - жоғары сынып оқушысы. Ал жасөспірімдерге қатысты жасалған 43 қылмыстың 10-ы мүліктік болса, 8-і - жыныстық қол сұғушылық дерегі. Атап айтсақ, жасөспірімдер өгей әкесінен, туысынан, жігітінен немесе досынан зәбір көріп, зорлыққа ұшыраған. Былтыр мұндай 9 дерек тіркелген болатын.
— Бүгінде интернет алаяқтық өршіп тұр. Бұл бағытта сіздердің тараптарыңыздан қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр?
— Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша облыста интернет алаяқтыққа байланысты 373 қылмыстық іс тіркелді. Былтыр бұл көрсеткіш 438 болған. Биыл қылмыстық істердің үлесі 14,8 пайызға азайып отыр. Оның ішінде 48 іс аяқталса, 288 істің мерзімі өткен. Ал алаяқтықта қатысты ауыр санаттағы 45 істің 23-і аяқталса, 22-сінің мерзімі өткен. Сондай-ақ 489 сайт бұғатталған. Оның 36-сы - инстаграм, 56-сы телеграм желісіндегі сайттар, қалғаны - порноматериалдар енгізілген сайттар.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болып жатыр. Мәселен, тұрғындардың ұялы телефон нөміріне Актив, Теле 2, Билайн операторлары болып қоңырау шалып, құпия сөз сұрап, кейін несие рәсімдейтін деректер орын алуда. Меніңше, қазіргі қоғамда алаяқтық деректерінің көбеюіне жеңіл ақша табу себеп болып отыр. Қоғамда ақшасын көбейтуге құмар пайдакүнемдер көбейген. Сондықтан тұрғындарға айтарымыз, бейтаныс адамдарға сенбеңіздер және тегін дүниеге, жеңіл ақшаға қызықпаңыздар!
— 23 маусымда кәсіби мерекелеріңізді атап өтесіздер. Мерекеге орай айтар тілегіңіз бар ма? Сондай-ақ өзіңіз, отбасыңыз туралы бір-екі ауыз айта кетсеңіз.
— Біріншіден, халықтың сенімі полицейлердің кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттеріне байланысты екенін айтқым келеді. Сондықтан бұл ретте азаматтармен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Жалпы, ішкі істер саласында әділдік, ашықтық болса, ешқандай мәселе туындамайды. Екіншіден, тәртіп сақшылары осы салада қызмет етуді тек абырой ғана емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік деп түсінгендері абзал. Біз халықтың алғысын алсақ қана жұмысымыз алға жүреді. Сол үшін
тұрғындардың полицияны жазалаушы орган ретінде емес, керісінше, басына іс түскенде қол ұшын беретін орган ретінде қабылдауы үшін жан-жақты жұмыс істеп, оларға жағдай жасауымыз қажет.
Жеке басыма келсем, биыл менің ішкі істер саласында еңбек еткеніме 20 жыл толып отыр. Жастайымнан осы салаға келіп, талай қиындықты да, қызықты да бастан өткердім. Осыған дейін Қостанай облысында біршама уақыт жұмыс жасап келдім. Қазір туған жерге қызмет етіп жүрмін. 2021 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық алғысы» медалін, сондай-ақ «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісімен марапатталдым. Менің бар жетістігім - осы. Ал отбасында үш бала тәрбиелеп отырмын.
Сөзімнің соңында халқымыздың тыныштығы үшін күндіз-түні тынымсыз қызмет етіп, қылмысқа қарсы күрес жүргізуде алдыңғы сапта жүрген барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Барша қазақстандықтарға амандық, елімізге тұрақтылық тілеймін.
— Әңгімеңізге рақмет!