Түркістандық еріктілер ардагерлерге құрмет көрсетті

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еріктілер жылына орай, Түркістан облысында тағы бір қайырымдылық шара болып өтті. Облыстық қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған еріктілер тобы бұл жолы "Ардагерлерге құрмет" атты акция барысында қарттарға жан жылуын сыйлап, көңілдерін көтеруге тырысты.

Қайырымдылық акциясына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетінің ерікті жастары қатысты.


Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен біз  осы жолы қаладағы санаулы қалған қариялардың шаңырақтарына жеке-жеке бас сұғып, кіріп шықтық. Шараға қаламыздағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетінің студенттерін тарттық. Болашақ дәрігерлер қариялардың қан қысымын өлшеп, олардың денсаулығын тексерді, - деді Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының "Талантты жастарды қолдау" бөлімінің бас маманы Айдар Ілескен.


Өз кезегінде еріктілердің риясыз көмегіне риза болған қала тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Немад Абдрасилов жастарға батасын бере отырып, бүгінде қалада майдандас 4 ардагердің ғана қалғанын атап өтті. Бұдан кейін волонтерлер Түркістан қаласы бойынша әр аумақта орналасқан өзге ардагерлердің үйін аралап, тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы