Ардагер энергетик: Бұл салада жартылай жұмыс істеуге болмайды
Энергетика саласы – жауапкершілігі ауыр, тәртібі қатал, адам өмірімен тікелей байланысты мамандық. Бұл салада ондаған жыл бойы табандылықпен еңбек етіп келе жатқан жандар аз емес. Солардың бірі – қалалық электр желілерінде 46 жыл үздіксіз қызмет атқарған ардагер энергетик Адахманова Дәметкен Құлтасқызы. BAQ.KZ тілшісіне энергетиктер әулетінің өкілі ретінде бір салаға адалдықтың, кәсіпке беріктіктің нағыз үлгісін көрсеткен маманмен сұхбаттасудың сәті түсті.
- Дәметкен Құлтасқызы, энергетика саласында еңбек еткеніңізге 50 жылға жуықтаған екен. Ең алғаш еңбек жолыңыз қалай басталды?
- Біздің әулет энергетика саласымен өткен ғасырдың орта тұсынан бері тығыз байланысты. Бұл мамандық біз үшін кездейсоқ таңдау емес. Әулетімізде 1957 жылы ең алғаш болып анамыз Қадиша Жиенбаева осы салаға келген. Ол кезде энергетика оңай кәсіп саналмайтын, бірақ анам техникалық мамандықты саналы түрде таңдады.
Өз басым 1979 жылы қалалық электр желілеріне оператор болып жұмысқа орналастым. Содан бері осы мекемеде бірде-бір жер ауыстырмай, тұтас еңбек жолымды өткіздім. Еңбек өтілім – 46 жыл.
Бұл саланы мен мұнда менің ата-анам мен ағайындарым да еңбек еткендіктен өте жақсы білемін деп айта аламын. Жұмысқа қабылдаған директор – И.В. Ильченко болатын. Дәл осы кісі кезінде ата-анамды да жұмысқа алған. Қызметке қабылдар кезде ол өмір бойы жадымда қалған бір сөзі бар: «Егер анаң сияқты жұмыс істесең, бұл жерде ұзақ еңбек етесің» деді. Бұл сөзді мен өмірлік ұстанымға айналдырдым. Елу жылға жуық уақыт бойы сол сенімнен айныған емеспін.
- Әулетіңізбен осы салаға еңбек сіңірген екенсіздер.
- Иә, дұрыс айтасыз. Кәсіпорында анамның ағайындары – Сыздықовтар әулетінің өкілдері де еңбек етті: Нығметжан Үсенұлы, Егімбай Үсенұлы, Мұхамеджан Үсен, Қали Үсенұлы, Елубай Үсенұлы, Сәкен Нығманұлы. Олар еңбек жолын қарапайым монтер болып бастап, кейін аға шебер деңгейіне дейін көтерілді. Ал Сәкен Нығманұлы қызмет басшысы болды.
Сыздықовтар әулетінің еңбек жолын Қалидың ұлы Данияр Сыздықов жалғастырды. Қазір ол аға диспетчер болып жұмыс істейді. Сондай-ақ кіші сіңілімнің жары, күйеубаламыз Тамабаев Қайролла Мукаисұлы да осы салада тынбай еңбек етіп келеді. Өз ісінің білгірі, ортасында сыйлы, құрметті маман.
Сыздықовтар әулетінің барлық мүшелері, соның ішінде анам да, көптеген марапаттарға, ордендерге, медальдарға, грамоталар мен алғыс хаттарға ие болған.
2016 жылы біз «Ұлағатты әулет» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алдық. Жиенбаевтар–Сыздықовтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 300 жылдан асады.
Бүгінде энергетиктер әулетінен тараған ұрпақ саны он екіге жетті. Соның алтауы ата-ана жолын жалғап, дәл осы салада еңбек етіп жүр. Мен де солардың бірімін. Кәсіпке келуіме анам себеп болды. Ол кісі бұл жұмыстың жауапкершілігін де, қадірін де жақсы білетін.
- Еңбек жолыңызда қандай марапаттарға ие болдыңыз?
- Еңбек жолымда бірнеше мәрте марапатқа ие болдым. Алғыс хаттар, бағалы сыйлықтар, «Еңбек даңқы» орденінің ІІІ дәрежесі (2016 жыл), ГОЭЛРО жоспарына 100 жыл медалі (2020 жыл), «Горэлектросети» АҚ-ның 30 жылдығына арналған Құрмет грамотасы (2010 жыл), «Энергетика ардагері» төсбелгісін алдым. Сондай-ақ комсомол жолдамасымен Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларына барған сапарларым да болды.
- Бұл сала қыз балаға несімен қиын?
- Әрине, еңбек жолымда оңай кезеңдер ғана болған жоқ. 1990-жылдары жалақы уақытында төленбеген, тұрмыс қиындаған шақтар да болды. Бірақ соған қарамастан, жұмыстан кету туралы ойлаған емеспін. Себебі мен үшін бұл қызмет жай ғана жұмыс емес, отбасымдай жақын еді. Әкем де, анам да, ағаларым да энергетика саласында еңбек етті.
Біздің әулет Целиноградта ұзақ жыл бойы қалалық электр желілерінде қызмет атқарды. Ағам Егімбай Сыздықов бұл мекемеге 1968 жылы келген. Қырық жеті жыл бойы салаға адал қызмет етіп, талай жас маманға бағыт-бағдар берді, тәжірибесін үйретті. Бүгінге дейін оны шәкірттері құрметпен еске алады.
Энергетика – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын жай ғана мамандық емес, бұл – жауапкершілік, тәртіп және адамдардың өміріне тікелей әсер ететін қызмет. Сондықтан біз бұл саланы әрдайым ерекше құрметпен қабылдаймыз.
- Энергетика саласы дәстүрлі түрде ер адамдар басым қызмет ететін бағыт саналады. Әйел адам ретінде осы салада еңбек жолын бастау, мансап құру сіз үшін қаншалықты қиын болды?
- Энергетика дәстүрлі түрде ер адамдар көбірек жұмыс істейтін сала саналады. Алайда бұл бағытта әйелдерге көбірек сай келетін қырлар да бар. Мәселен, қызметтік міндеттерімізге қоңырауларға жауап беру, құжат жүргізу, адамдармен тіл табыса білу, сабыр сақтап, түрлі қызметтердің — iKomek, тұтынушылар, әкімдік арасындағы жұмысты үйлестіру кіреді.
Мен еңбек жолымды бастаған кезде компьютерлер жоқ болатын. Сондықтан біз көшелердің орналасуын, қосалқы станцияларды жақсы білуге, апатты ажыратулар кезінде диспетчерге дұрыс бағыт-бағдар беруге міндетті едік. Өйткені электр қуаты өшсе, бүкіл тіршілік тоқтайды: су да болмайды, лифт те жұмыс істемейді, жылу да өшеді.
Сондықтан адамдардың жарықты қаншалықты тез алатыны біздің қабылдайтын шешімдерімізге тікелей байланысты. Ал жарықпен бірге үйлерге жылу мен су да келеді.
- Энергетика саласында жұмыс істеуді енді ғана ойлап жүрген жас қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз? Сіздің ойыңызша, бұл мамандықта әйел адам үшін қай қасиеттер аса маңызды?
- Жаңадан келіп жатқан мамандарға айтар кеңесім: егер бұл саланы өзіңізге лайық деп есептесеңіз, келіп көріңіз, байқап көріңіз. Ал егер келіп, жұмысыңыз ұнап қалса, онда бар күш-жігеріңізді салып, толықтай беріліп еңбек ету керек.
- Әңгімеңізге рахмет!