Әрбірі 1159 теңге. Анықтамалар неге ақылы?
Ғалиасқар Сарыбаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылардың мәртебесін растайтын құжаттарды алу кезінде проблемаларды жоюды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың ақпараты бойынша, ата-аналар немесе заңды өкілдері мемлекеттен қаржылық көмек алу үшін тиісті анықтамалар ұсынуы тиіс. Бірақ мәселе мынада, олардың кейбіреуін алу үшін ақы төлеуге тура келеді, бұл отбасыларға қосымша қаржылық ауыртпалық әкеледі.
Жалғызбасты ана баласының әлеуметтік мәртебесін растау үшін, уәкілетті органға өтініші бойынша баланың әкесі туралы мәліметтерді растайтын құжат ұсыну қажет. Бұл анықтаманы «Азаматтарға арналған үкімет» ақылы негізде береді. Дәл осындай анықтама басқа мемлекеттік мекемелерге де ұсынылады. Мемлекеттік қызметті алушыға бір балаға әрбір анықтама үшін 1159 теңге мөлшерінде шығын әкеледі. Бір жағынан, мемлекет «Жалпыға бірдей білім беру» қорлары мен әлеуметтік қорғаудың басқа да түрлерін ұсыну арқылы осал топтарға көмек көрсетеді, ал екінші жағынан бұл көмекті алу үшін ата-ана балаларының әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаттарды тоқсан сайын, ақылы негізде алады. Ал толық емес отбасында 5 және одан да көп бала тәрбиеленеді. Кейбір толық емес, көпбалалы отбасыларда жәрдемақы негізгі табыс көзі болғандықтан, бұл мәселе отбасының экономикалық жағдайына кері әсерін беруде, - деп атап өтті депутат.
Депутат әлеуметтік мәртебе туралы деректер базасын отбасының цифрлық картасына толық интеграциялау қажеттігін атап өтті. Бұл көмек алушылардан артық құжаттар талап етуді алып тастауға мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ жалғызбасты аналарға ақысыз негізде туу туралы анықтама беруді қарастыруды ұсынды.