Әрбір төртінші адам күнделікті өмірде ұлттық киім киеді
26 ақпан мен 11 наурыз аралығында eGov mobile платформасында азаматтарға ұлттық киім киюге қатысты сауалнама жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтанулық деректер күнделікті өмірде ұлттық киім киюді мақұлдаудың жоғары деңгейін көрсетеді.
Сауалнамаға қатысқандардың 80,4%-ы ұлттық элементтері бар киімді күн сайын киюге оң көзқараспен қарайды. Бұл дегеніміз, ұлттық киім қазіргі өмір жағдайына сай келеді және азаматтар арасында сұранысқа ие.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың әрбір төртіншісі (25,8%) күнделікті өмірде ұлттық киім киеді.
Ұлттық киім киюге деген оң көзқарас жастар арасында байқалады. Мәселен, 18-29 жас аралығындағы жастардың 83,3%-ы күнделікті өмірде ұлттық киім киюді қолайлы деп санайды.
Бұл Қазақстанның қазіргі жастары өз халқының ұлттық салт-дәстүрлеріне, құндылықтары мен мәдени мұраларына көбірек араласып жатқанын көрсетеді. Ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті ұстану Қазақстандықтардың жас буыны арасында танымал трендке айналуда.
Анықтама: сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 104 842 адам қатысты. Оның ішінде 56% әйелдер және 44% ерлер; 69% қала тұрғындары және 31% ауыл тұрғындары; 67% қазақтар, 20% орыс және 13% басқа этностар; 30% (18-29 жастағылар), 52% (30-45 жастағылар), 15% (46-60 жастағылар), 3% (61 және одан жоғары жастағылар).