Әрбір қызметкер қоғам мүддесі үшін әрекет етуі тиіс
Нұртөре Жүсіп мемлекеттік қызметтің болашағы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырды.
Нұртөре Жүсіп өз сөзінде мемлекеттік қызметкердің мәртебесін көтеру және мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Ол «Әділетті Қазақстан» құрудағы мемлекеттік қызметшілердің басты рөліне ерекше тоқтала келіп, олардың жұмыс жағдайын жақсарту мен қызмет орнын нығайтуға бағытталған бірқатар шараларды ұсынды.
Сенатор цифрлық шешімдерді енгізу мен кадрларды іріктеу жүйесін жаңғырту мәселелеріне назар аударды. Оның пікірінше, бұл шаралар кәсіби жоғары білікті мамандар шоғырын қалыптастыруға, сондай-ақ маңызды міндеттерді тиімді шешуге септігін тигізеді. Бұл шаралар сонымен қатар Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасын жүзеге асыруға ықпал етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» құрудағы мемлекеттік қызметшілердің басты рөлін ерекше атап көрсеткен болатын. Мемлекеттік аппараттың әрбір қызметкері мемлекет пен қоғам мүддесі үшін әрекет етуі, жауапкершілік танытуы және нәтижені бағдар етуі тиіс, – деді Нұртөре Жүсіп.
Қатысушылар шара барысында мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттыру мен әлеуметтік кепілдіктерін жақсарту мәселелерін де талқылады және мемлекеттік қызмет саласының тартымдылығын арттыруға бағытталған шараларды ұсынды.