Әрбір жұмыс істейтін қазақстандықтың өз баспанасы болуы тиіс – Жайымбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов қазақстандықтарды баспанамен қамту механизмдері туралы айтты.  

Тәуелсіздік алғаннан бері 141 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. 1 млн 300 мың адам баспана жағдайын жақсартты. Соңғы он жылда тұрғын үймен қамтамасыз ету бір тұрғынға 21,9 квадрат метрге жетті. 2030 жылға қарай әр адамды баспанамен қамту 30 шаршы метрге дейін жеткізу көзделіп отыр. 2018 жылы "Нұрлы жер" бағдарламасымен 12,5 шаршы метр баспана берілді. 2017 жылдан бастап іске асырылатын бағдарлама аясында 291 мың адам баспана жағдайын жақсартып, тұрғын үй құрылысына 3 трлн 200 млрд теңгеге инвестиция салды, - деді Жайымбетов.

Комитет төрағасы 2019 жылы мемлекеттік қолдау есебінен жалдамалы несиелік баспанамен 30 мың адам қамтылғанын айтты. Халықтың әлеуметтік осал санаттағы топтары, мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ ірі қалалардағы жұмысшы жастарды 15 мыңнан астам жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету көзделген. Қазірдің өзінде 1924 пәтер берілген. 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары мен кезек күтушілеріне, "7-20-25" бағдарламасының қатысушыларына арнап 11 311 пәтер салынып жатыр. Оның 4330 салынып бітті. Маусым айынан "Бақытты отбасы" бағдарламасы басталды. 5 мыңнан астам көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Келер жылы қатысушылар санын 10 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде ТҮҚЖБ 3069 әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 31 млрд теңге көлемінде займ берілді, - деді комитет төрағасы. 

Оның сөзінше, жаңа тұрғын үй саясатының идеологиясы – әрбір жұмыс істейтін қазақстандықтың өз баспанасы болуы тиіс. Бұл үшін қолжетімді баспана сатысы жұмыс істейді. Баспана қажет әрбір отбасына табысына қарай баспана жағдайын арттыру механизмі ұсынылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы