Әрбір қазақстандық «Астананың көркеюіне үлес қостым» дей алады – жазушы
Бұл туралы «Ұлттық идеология және ...» жобасында жазушы, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Камал Әлпейісова – 1997 жылы 8 желтоқсанда сол кездегі шақырылым депутаттары, Үкімет мүшелерімен бірге Астанаға көшіп келген елорданың алғашқы алматылық тұрғындарының бірі.
Бір кездегі жай ғана облыс орталығы болған, 4-5 қабатты үйлері, тар көшелері бар Астананың келбеті бүкіл әлемнен әдейі бағдарын сызып, «көрейікші» деп келетін қалаға айналды. Астананың сондай Астана болуына бүкіл қазақстандық үлес қосты, - деді ол сұхбатта.
Оның айтуынша, сондықтан да Астана күні мемлекеттік мереке болып белгіленгені бекер емес.
Қаланың 10 жылдығы, 20 жылдығы кезінде науқандар ұйымдастырылып, қалаға әдемі-әдемі ғимараттар, саябақтар салынды, субұрқақтар ашылды. Олардың барлығы соны салған өңірлердің атымен аталады. Мысалы, Атыраудың көпірі, Жетісудың бағы дейді ғой. Яғни әрбір жетісулық, әрбір атыраулық, әрбір қазақстандық «мен Астананың көркеюіне үлес қостым» деп айта алады, - деді ол.