Әрбір қаза тапқан адам бойынша объективті тергеу жүргізіліп жатыр – Әділов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Тәртіпсіздіктердің бірінші екі күнінде көптеген үлкен қалада, ерекше Алматыда мемлекеттік мекемелер мен полиция ғимараттарына шабуылдар жасалды. Аталған шабуылдарды тойтару барысындағы қақтығыстарда полиция қызметкерлері мен әскери қызметкерлер ғана емес шабуылдаушылар да дене жарақаттарын алды, - деді Әділов.
Ол атағандай, тәртіпсіздіктер кезінде құқық қорғау және арнаулы органдардың қызметкерлері мен әскери қызметкерлер ішінен 19 адам көз жұмды және 3 мыңнан артық адам дене жарақаттарын алды.
Бұл ретте олардың 40-ы оқтан, 13-і пышақ жарақатын алды және 170-тен астам басқа да ауыр жарақат алған. Бейбіт тұрғындар арасында да қаза болғандар бар екені анық, бірақ бұл жаппай тәртіпсіздіктің салдары және әрбір қаза тапқан адам бойынша объективті тергеу жүргізіліп жатыр, - деді Санжар Әділов.