Әрбір оныншы қазақстандық бағалы қағаздарға инвестиция салады
Қазақстандықтардың бағалы қағаздарға қаржы салуға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Орталық депозитарийде 474 239 дербес шот ашылды. Қазақстандықтардың тағы 445 719 шоты Astana International Exchange (AIX) – Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында ашылды. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштер әлдеқайда қарапайым болды. Мысалы, KASE жеке тұлғалардың 206 313 дербес шотының болуы туралы хабарлады, бұл бүгінгі көрсеткіштен 56,5%-ға аз.
Биржада тек еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, яғни Қазақстанда 9,3 миллионға жуық азамат шот ашуға мүмкіндігі барын ескерсек, қарапайым қорытынды жасауға болады: экономикалық белсенді әрбір оныншы қазақстандық бағалы қағаздарға инвестициялайды. Салыстырып өтсек: АҚШ-та Құрама Штаттарының әрбір төртінші азаматының брокерлік шоты бар, ал америкалықтардың 10%-ында жеке қаржылық кеңесшісі бар.
Үкіметтің бастамасымен жүзеге асырылған «халықтық IPO» Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығының салауатты дамуына жәрдемдесуі мүмкін.
Мысалы, 2022 жылға 9 қарашада IPO аясында «ҚазМұнайГаз» акцияларына өтінімдер кітабы ашылды. Еліміздегі ең ірі мұнай-газ компаниясының 1 қарапайым акциясының құны небәрі 8 406 теңгені құрайды. Орташа статистикалық қазақстандық үшін аса тартымды құнынан бөлек, халыққа ҚМГ-ға қаржы салудың бірнеше жолы ұсынылады. Акцияларды брокерлер – AIX және KASE қор биржаларының сауда-саттық мүшелері арқылы, Қазпошта бөлімшелерінде немесе Tabys қосымшасында тікелей жазылу арқылы сатып алуға болады. Бұл қосымша жаңадан бастаған инвесторлар үшін қолайлы – мұнда өте ыңғайлы және түсінікті навигация жасалған, ал ең төменгі инвестиция $1-дан басталады. Әрине, қолжетімді инвестициялық құралдардың болуы инвестиция салу мәдениетімен енді ғана танысып жатқан қарапайым азаматтарды нарыққа тартуға мүмкіндік береді.
Тағы бір қызықты факт. «ҚазМұнайГаз» акциялары бірден екі биржада – AIX және KASE-де орналастырылады. Бұл IPO-ның екі бірдей қазақстандық қор биржасында алғаш рет жүзеге асуы. Бұған дейін KASPI-ді AIX және Лондон қор биржасында екі рет жария орналастыру сәтті өтті: оның акцияларының құнының максималды өсімі 252%-ды құрады.
Айта кететіні, ұлттық компаниялардың акцияларын сатудың алғашқы үш толқыны 2012, 2014 және 2018 жылдары өтті. Одан кейін еліміздің бас электр энергиясы операторы «KEGOC», мұнай тасымалдаушы «ҚазТрансОйл» компаниясы мен Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздарын сатып алуға мүмкіндік туды. 2018 жылы AIX листингінің және Қазатомөнеркәсіптің одан кейінгі екі SPO-ның листингі нәтижесінде оның акцияларының құны 383%-ға өсті.
Бүгінгі таңда реттеуші органдардың, сондай-ақ KASE және AIX биржаларының бірлескен күш-жігері қаржы өнімдерін этикалық жетілдіруге ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Соның арқасында елде мемлекет экономикасының ұзақ мерзімді қаржылық ресурсы қалыптаса бастады.