Еріктілер апта сайын дәрігерлерге денсаулығы жайлы хабарлап тұрады - вице-министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «QazVac қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеуден өткізу барысы туралы» өткен онлайн баспасөз конференциясы кезінде Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтты.
Вице-министр хабарлағандай, бүгінде вакцинаны зерттеу Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаға сәйкес штаттық режимде жүргізілуде.
Барлық ерікті апта сайын дәрігерлерге денсаулық жағдайы туралы хабарлап тұрады. Клиникаға үнемі келіп тексеріледі, олар үнемі дәрігерлердің бақылауында. Еріктілерден вирусқа тән антиденелерге де, бейтараптандыратын антиденелерге де талдау жасалады, - деді ол.
Оның айтуынша, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты вакцинаның қауіпсіздігі туралы есеп дайындап шыққан.
Есеп Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі де, вакцинаның тиімділігі туралы есеп дайындалады. Бұл жерде біз еріктілерді клиникалық базаларға шақырамыз, олардан талдаулар аламыз және осы талдауларды өңдеу нәтижесі бойынша тиімділікке байланысты түпкілікті деректер байқалатын болады, - деп нақтылады Дәуленов.
Айта кетейік, бұған дейін ол бүгінде 244 еріктіде клиникалық зерттеулердің 1-2 кезеңі аяқталып қалғанын, ал үшінші сатыдағы клиникалық зерттеулердің 50%-ы 3000 еріктіде 15 сәуірде аяқталатынын айтқан болатын.