Әрбір екінші қазақстандық саясатқа қызығушылық танытады: Сауалнама нәтижесі
Қазақстандықтардың жартысынан астамы елдің қоғамдық-саяси өміріне қызығушылық танытады, ал оған ықпал ете алатынына сенетіндер скептиктерден көп. Мұндай деректерді DEMOSCOPE қоғамдық пікірге мониторинг жүргізу бюросы келтіріп отыр.
«Қазақстан азаматтарының саяси қатысуын бағалау» сауалнамасы 2026 жылғы 5-27 қазан аралығында жүргізілді. Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Paperlab зерттеу орталығымен бірлесіп, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асыруда.
Қазақстандықтардың 52,4%-ы қоғамдық-саяси оқиғаларды бақылап отырады. 48,2%-ы азаматтардың ел саясатына нақты әсер ету мүмкіндігі бар екеніне сенімді. Оның ішінде 26,8%-ы бұған толық сенімді болса, 21,4%-ы сенімдірек. Ал 44,7%-ы мұндай мүмкіндікке сенбейді.
Қазақстандықтардың соңғы бір жылда қоғамдық өмірге қатысу көрсеткіші:
-
сайлаулар мен референдумдарда дауыс бергендер – 44,7%;
-
мемлекеттік органдарға, соның ішінде eOtinish порталы арқылы жүгінгендер – 9,6%;
-
ePetition платформасында петицияларға қол қойғандар – 2,8%;
-
билікке БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы үн қатқандар – 2,2%.
Ең белсенді топ жастар болды. 18 бен 29 жас аралығындағы қазақстандықтардың 54,2%-ы мемлекет қабылдаған шешім өз өмірлеріне әсер ететін болса, азаматтық іс-әрекетке баруға дайын. Жас ұлғайған сайын бұл дайындық төмендейді: 30-39 жас аралығындағыларда мұндай көрсеткіш 47,6% болса, 60 жастан асқандар арасында – 21,5%.
Респонденттер азаматтардың үні шешім қабылдауға ықпал етуі үшін не істеу керектігін де атады. Ең жиі айтылған ұсыныс – сайлаулар мен референдумдарға белсендірек қатысу (30%). 17,6%-ы мемлекеттік органдар мен депутаттарға жиірек жүгінуге, 14,4%-ы қоғамдық тыңдауларға қатысуға, 11,4%-ы БАҚ пен әлеуметтік желілерде өз ұстанымын ашық білдіруге, ал 10,4%-ы петициялар мен ұжымдық өтініштерге қол қоюға кеңес береді.
Билік институттары арасындағы ең жоғары сенім деңгейі дәстүрлі түрде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі. Сенім деңгейі былайша бөлінді:
-
Президент – 62,5%;
-
Үкімет – 50,2%;
-
әкімдіктер – 50%;
-
құқық қорғау органдары – 49,4%;
-
армия – 46,2%;
-
сот жүйесі – 46,1%;
-
Құрылтай (жаңа бір палаталы парламент) – 39%.
2026 жылғы ақпанда өткен осындай сауалнамамен салыстырғанда сенім деңгейі айтарлықтай өзгермеген.