Әрбір адам не үшін дауыс беретінін түсінуі тиіс: Сарапшы референдум мәніне тоқталды
Жаңа Конституция туралы түпкілікті шешімді қазақстандықтар республикалық референдумда қабылдайтыны белгілі. Осы орайда, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Жақсыбек Жиеналиевпен жалпыұлттық референдумның маңызы және халықтың оған дайындығы жөнінде сұхбат құрдық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
– Жалпыұлттық референдум институтының Конституцияға өзгерістер енгізудегі рөлі қандай?
– Жалпыұлттық референдум – тікелей демократияның ең жоғарғы нысаны және халықтың өз еркін конституциялық түрде білдіру механизмі. Конституцияның 4-бабында айтылғандай, «Халық өкілеттігін жалпыұлттық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады». Референдум арқылы конституциялық өзгерістер халық атынан қабылданады, парламент шешімдері халықпен расталады, осылайша қоғамдық консенсус қалыптасады. Яғни Конституцияны өзгерту үшін тек парламенттің көпшілігі емес, қатысушылардың көпшілігінің «иә» деген дауысы қажет, бұл Конституцияның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
– Бұл жолғы Конституциялық өзгерістердің басты мақсаты неде деп ойлайсыз?
– Әлемдік тәжірибеде, мысалы Швейцарияда, Францияда және Ирландияда референдум конституциялық өзгерістерді заңды әрі легитимді түрде бекіту құралы болып саналады. Ал Қазақстан үшін референдум – демократиялық дәстүрді нығайтып, халықтың Конституцияның нақты иесі екенін көрсететін маңызды институт ретінде қарастырамыз.
– Ұсынылып отырған түзетулер азаматтардың құқықтары мен күнделікті өміріне қалай әсер етуі мүмкін?
– Ұсынылып отырған конституциялық реформаның басты мақсаты – әділетті, әлеуметтік және заң үстемдік ететін мемлекеттің институционалдық негіздерін нығайту, сондай-ақ билік ауысымының тұрақты механизмдерін құру. Аталған өзгерістер қоғамның келісіміне негізделген, билікті ротациялайтын, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ететін, ғылым мен білімге басымдық беретін, азаматтардың құқықтары қорғалған демократиялық құқықтық мемлекет құруға бағытталған.
– Қоғам референдумға жеткілікті деңгейде дайын деп айта аламыз ба?
– Бұл – күрделі сұрақ. Қоғам референдумға негізінде дайын, өйткені 2022 және 2024 жылғы тәжірибе азаматтардың дауыс беру тәртібін, ережелерін білуі, саяси белсенділігін көрсетті. Дегенмен референдумның сапасы үшін азаматтардың саналы шешім қабылдауы маңызды, сондықтан қарқынды және жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілуі қажет.
– Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қаншалықты тиімді жүргізіліп жатыр деп бағалайсыз?
– Қазіргі уақытта Ата заңдағы өзгерістер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары негізінен сарапшылар мен эксперттік ортаға бағытталғанын көріп отырмыз. Алайда қоғамдағы әлеуметтік топтарға бейімделген, қарапайым тілде түсіндірілген материалдардың болуы өте маңызды. Референдум – тек формалды дауыс беру емес, азаматтардың саналы шешім қабылдау процесі, сондықтан әрбір адам не үшін дауыс беретінін нақты түсінуі тиіс. Ақпараттық кампаниялар әртүрлі аудиторияның деңгейіне сай ұйымдастырылса, қоғамның саяси сауаттылығы артып, референдумның легитимділігі мен сапасы қамтамасыз етіледі.
– Азаматтардың референдумға белсенді қатысуы неліктен маңызды?
– Азаматтардың референдумға белсенді қатысуы өте маңызды. Бұл – тек азаматтық борыш емес, демократияның өмір сүру шарты. Бүгін қабылданатын шешімдер – мемлекетіміздің алдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық даму жолына әсер етеді, сондықтан референдум тек дауыс беру емес, біздің қандай елде өмір сүргіміз келетінін айту мүмкіндігі.