Нұр-Сұлтанда тағы бір Арбат салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа қоғамдық кеңістік Республика даңғылынан Қ.Қуанышбаев атындағы Қаздрамтеатрға дейін Омаров көшесінің бойында орналасады. 


Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.


Елордада тағы бір Арбат салынады. Жаяу жүргіншілер променады құрылысы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа қоғамдық кеңістік Республика даңғылынан Қ. Қуанышбаев атындағы Қаздрамтеатрға дейін Омаров көшесінің бойында орналасады. Жаяу жүргіншілер променады екі театр арасындағы аумақты байланыстырады. Республика даңғылы жағындағы фонтанды қайта құру жұмысын жүргіземіз. Ол жылғаға қарай ағады. Ал сол жылға бойында балаларға арналған сумен ойнайтын элементтер орнатамыз, - деп жазды әкім. 


Бұған қоса Арбат аумағында қалалықтар мен елорда қонақтарының көңілінен шыққан аспалы әткеншек орнатылады. 


Балалар үшін жеке спорт және ойын алаңдары, тыныш аумақтар, коворкинг-орталық сынды тегін семинарлар мен тіл сабақтарын өткізуге арналған жеке зоналар жасалады. Көпірасты кеңістігі аумағында (Сарайшық даңғылы) балаларға арналған экоалаң мен аспалы саябақ жасамақшымыз. Бұл идеяны да осы жерде іске асырамыз. Бейбітшілік көшесінен Республика даңғылына дейін веложол саламыз. Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына ерекше көңіл бөледі. Себебі кәсіби спорт пен саламатты өмір салтына дейінгі жол аула спорты – қоғамдық кеңістіктер мен аулалардан басталады. Олар әр адамға қолжетімді болуы тиіс. Биыл 54 ірі қоғамдық кеңістік пен 150 аула жасап, абаттандырдық. Бұның өзі ғана 300 мыңнан астам адамды қамтуға мүмкіндік берді. Бұл жұмыстарды келесі жылы да жалғастырамыз, – деп жазды Алтай Көлгінов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы