Арбамен билеуден өткен халықаралық турнирдің жүлдегерлері елге оралды

Бүгін елордалықтар Н.Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдан арбамен билеуден өткен лицензиялық турнирдің жүлдегерлері астаналық Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленованы күтіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оларды Астана қаласы әкімдігінің «Балалар – жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің» басшылығы, өкілдері жақындары мен достары әуежайдан күтіп алып, гүл шоқтарын тарту етті.

7-9 сәуірде Нидерландының Амстелвен қаласында Халықаралық паралимпиада комитетінің қолдауымен халықаралық лицензиялық жұп би турнирі өткен болатын. Бұл турнирге әлемнің 20-дан астам елі қатысты. ҚР жұп би федерациясының спортшыларынан тұратын. Қазақстан Республикасының құрамасы турнирдің бірінші күні екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды.

Үш күнге созылған жарыста Қазақстан құрамасы екі алтын, екі күміс, екі қола медаль жеңіп алды. Айта кетейік, астаналық спортшылар комби фристайл стилінен -3 , комби латина стилі бойынша -2 , комби стандарт стилінен 4 орынды иеленді. Сондай-ақ, отандастарымыз Ермек Қалымбетов Single men FREESTYLE CLASS 2 санаты мен Ермек Қалымбетов - Күлшім Аталықов Combi FREESTYLE CLASS 2 санатында-1 орынды иеленді. Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленова Combi FREESTYLE CLASS 1 санатында- қола жүлде, комбо латина би стилінен күміс жүлде иегерлері атанды, - делінген ақпаратта.

Кеуделері жеңіс медальдерімен көмкерілген спортшылардың қуанышында шек жоқ. Олардың айтуларынша, жарыста бақталастық өте күшті болған.

Бұл жарыста спортшылар өте көп болды. Бұрынғы жарыстарға қарағанда бәсеке аса жоғары деуге болады. Бидің арнайы үш түрінен дайындалдым. Сол бойынша жақсы нәтиже көрсеттік. Әрбір жарысқа спортшы жеңу үшін барады. Қарсыластарымыз мықты болды. Соған қарамастан осындай 3 медаль алып келдік. Бізді қолдап, жағдайымызды жасап жіберген Астана қаласы әкімдігінің «Балалар – жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебіне» және бізді жарысқа дайындаған жаттықтырушымыз Әлия Түсіпбековаға алғысымыз шексіз, - деп қуанышымен бөлісті Ардақ Отарбаев.

Айта кетейік,лицензиялық турнирден жүлделі орын алған спортшылар биыл Словакия елінде арбамен билеуден өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласы спорт басқармасы
Өзгелердің жаңалығы