Арасында туристер де бар: Гоада түнгі клубтағы өрттен 23 адам көз жұмды
Үндістанның Гоа жағалауындағы танымал түнгі клубта болған өрттен кем дегенде 23 адам көз жұмды. Бұл туралы жергілікті билік органдары мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Алдын ала деректер бойынша, қаза болғандардың басым бөлігі Солтүстік Гоадағы Арпора елді мекенінде орналасқан клубтың қызметкерлері болған. Алайда қайтыс болғандардың арасында туристер де бар екені расталды.
Полиция өрт клубтың ас үйінде газ баллоны жарылуы салдарынан жергілікті уақыт бойынша сенбі күні түн ортасында басталғанын мәлімдеді.
Бүгін – Гоадағы барша халық үшін өте ауыр күн, – деп атап өтті Гоа штатының бас министрі Прамод Савант.
Өрт негізінен бірінші қабаттағы ас үй аймағында таралды. Ол түн ортасында басталды, ал қазір толықтай бақылауға алынды, – деді Гоа полициясының бас директоры Шри Алок Кумар.
Алок Кумардың айтуынша, денелердің көпшілігі ас үй аумағынан табылған, бұл қаза тапқандардың клуб қызметкерлері болғанын көрсетеді.
Indian Express басылымы өрт жағалаудағы ең танымал жағажайлардың бірі саналатын Багада орналасқан Birch by Romeo Lane клубында шыққанын хабарлады.
Жергілікті ақпарат құралдары құтқару жұмыстары жексенбі күні таңертең де жалғасқанын жазады.
Бас министр Савант журналистерге үш адамның күйік жарақатынан, ал басқаларының тұншығудан қайтыс болғанын айтты. Сонымен бірге «үш-төрт» туристің қаза тапқаны белгілі, алайда олардың жасы мен азаматтығы әзірге анықталмаған.
Прамод Савант өрттің себептері бойынша ресми тергеу басталғанын мәлімдеді.
Кінәлілер заңда көзделген ең қатаң жазаға тартылады. Кез келген немқұрайлылық қатаң түрде басылады, – деді ол.
Сонымен қатар бас министр: «Бұл өте ауыр, елестету қиын қайғы. Қаза тапқандардың барлық отбасыларына шын жүректен көңіл айтамын», – деп қосымша мәлімдеме жасады.
Гоа – Араб теңізінің жағалауындағы бұрынғы Португалия колониясы. Оның түнгі өмірі, құмды жағажайлары мен курорттары жыл сайын миллиондаған туристерді өзіне тартады.