Аралдағы оазис жұмысы қалай жүріп жатыр – вице министр жауап берді

Бұл сұраққа Сенат кулуарында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Арал теңізінің аумағында оазис құру туралы айтқан еді. Яғни Аралдың құрғап қалған түбін өсімдіктермен жабу жоспарланып отыр деген болатын. Дегенмен, бұл өсімдіктерді өсіру қымбатқа түсетінін де атап өтті. Оазиске қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Жұмыс қашан басталады? Аралда оазис құру қанша тұрады және бұл жұмысқа өзбек тарапы да үлес қоса ма? деп БАҚ өкілдері сауал қойды.

Бұл тақырып шынында да өте өзекті. Сенаттың соңғы отырысында да талқыланған болатын. Халықаралық Аралды құтқару қорының мәліметтеріне келетін болсақ, жұмыс 2021 жылы басталған. Мемлекет тапсырмасына сәйкес, Арал теңізінің түбіне 1,1 миллион гектар сексеуіл отырғызу тапсырылған. 2021 жылдан 2024 жылға дейін 413 мың гектар жерге сексеуіл отырғызылды. 2024 жылы 64 мың гектар отырғызылды, оның ішінде 15 мың гектарға «Қазмұнайгаз» демеушілігімен 4,4 миллион көшет отырғызылды, - деді Мансұр Ошурбаев.

Оның айтуынша, Қызылорда облысында жылына 3 миллионға дейін көшет өсіретін питомник ашу жоспарланған.

Бұл көшеттер Арал теңізінің түбіне отырғызу үшін бейімделеді. Қазір тікелей Арал теңізінің түбінде көшет өсіру питомнигін құру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл өсімдіктерді отырғызуға бейімделуіне мүмкіндік береді. Сексеуілдің бейімделу деңгейі шамамен 30%-ды құрайды, оған әртүрлі факторлар әсер етеді. 2024 жылы «Қазмұнайгаз» демеушілік ретінде 420 миллион теңге бөлген болатын. Мемлекеттік бюджет 2021-2023 жылдарға қарастырылған, ал 2024 жылдан бастап бюджет қарастырылмаған. Сондықтан бұл іске түрлі ұйымдар, ірі ұлттық компаниялар өз үлестерін қосуға ниетті. "Келесі жылы мемлекеттік бюджеттен тағы да қаражат бөлінуі мүмкін бе?" деген сұрақ әлі шешімін тапқан жоқ, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы