Аралас мектепті тоқтататын кез келді - депутат

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Аралас мектептен алдымен қазақ сыныптары зиян шегеді. Себебі біздің билік те, мемлекет те орыстілді. Елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты қазақтілді сыныптар зиян шегіп, орыстілді болып шыға келеді. Бұл туралы ҚР Мәжілісінің депутаты, ақын, Қазыбек Иса Алматыда өткен «Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!» атты жиында айтты.

Оның айтуынша, аралас мектептер алғаш Ресей империясы тұсында қазақтарды орыстандыру мақсатында ашылған.

Аралас мектеп ең алғаш XIX ғасырда орыс-түзем мектебінде ашылған. Сырдария губернаторының мектепті тексеруге келгенде қазақ балаларының орысша оқып жатқандарын көреді. Бірақ олардың үзілісте өзара қазақша сөйлесетінін байқаған ол бұларға орыс балаларын араластырған. Сол саясат Тәуелсіздік алған 30 жылда әлі жалғасып келеді. Аралас мектепте оқыған баланың тәрбиесі де, тілі де орысша болып кететінін көріп отырмыз,-дейді депутат.

Сонымен қатар ол орысша білім алған балалардың басым көпшілігі ЖОО-ға тапсыру үшін көрші Ресей елін таңдайтынын және сол елге қызмет ететінін жеткізді.

Орысша білім мен тәрбие алып шыққандардың барлығы көрші РФ-на барып оқуға тапсырады. Ресей оқу гранттарын жыл өткен сайын арттырып отыр. Біз сонда мемлекеттің ақшасымен Ресейге кадр дайындап жатырмыз ғой, бұл барып тұрған сорақылық. Сондықтан аралас мектепті жоятын кез жетті. Ұлттық мүддені қорғауымыз керек. Қазір Жаңа Қазақстанды құрамыз деп жатырмыз, егер оның тілі ескі ресми тіл болатын болса еш өзгеріс болмайды. Екінші республиканың тілі тек мемлекеттік тілде болу керек,-деі ол.

Сөз арасында ол Талғарда ашылайын деп жатқан аралас мектепке қатысты ойын айтты.

Бұл жергілікті биліктің кінәсы. Олар ата-аналар өзі шешсін дейді, яғни қай жеңгенің менікі деп отыр. Мемлекет мұндай саясатты ұстанбау керек. Бұл жерде бірінші кезекте билік жұмыс істеуі керек, тұрғындарды мемлекеттік тілге қарай бейімдеп, қазақ мемлекетінің бар екенін білдіруі қажет,-деді депутат.

Сондай-ақ ол аралас мектеп мәселесін Парламент мінберінде көтеретінін мәлімдеді.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы