Аралас мектеп қазақты қайда апарады?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда ҚР Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл саласының мамандары, педагогтар, қоғам белсенділері мен журналистердің қатысуымен «Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!» атты дөңгелек үстел өтті.

ХХІ ғасыр. Қазақ халқының келешегі қандай? Бұл сұрақ ел ертеңін ойлайтын әр азаматты толғандырады. Әсіресе білім саласы, мемлекеттік тілдің жағдайы, ұлт руханиятының бүгінгі ахуалы, ұлттық біртұтастықты сақтау жолындағы түрлі мәселелер өз шешімін таппай отыр. Соның ең негізгісі – еліміздегі аралас мектептердің дүбәра, тілі мен ділінен адасқан ұрпақ тәрбиелеудің ордасына айналғандығы.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі ақын Тоқтарәлі Таңжарық «Қазақ әдебиеті» газетінің №7 санында  тіл жанашыры Бекзәкір Құралбаевтың «Алматы дүбәралардың ордасына айналды. Аралас мектептерді жабу керек» деген көлемді сұхбаты жарық көргенін, осыдан кейін қоғамдық ортада қызу пікір қалыптасқанын айтты.

Еліміздегі зиялы қауым өкілдері үн қосып, аралас мектептерден білім алатын оқушылардың дені орыстілді, бөгде рухты болып өсетінін айтып, дабыл қақты. Айталық, Алматы қаласында мемлекеттік мектептердің саны 207 болса, соның 70-і қазақ, 64-і орыс, 3-і ұйғыр, ал 70-і аралас мектеп екен. Бұл жерде аралас мектептердің дені орыстілді ұрпақ тәрбиелеп шығаратынын ескерсек, мәселенің қаншалықты күрделі екені белгілі. Мұнан сырт, 60-тан астам жекеменшік білім ордалары жұмыс істейді. Олар да аралас мектептердің санын арттырып отыр, -деді ақын.

Жиынға қатысушылар еліміздегі аралас мектептерді жабу қажеттігін қолдайтындарын айтып, таза қазақ тілінде сабақ беретін мектеп санын арттыру жөнінде ұсынытарын жеткізді.

Қоғам қайраткері Амалбек Тышанов «көш жүре түзеледі» деген сөзден арылып, нақты іске көшу қажеттігін айтты.

Отыз жылдан бері көштің түзелгенін көрмедік. Қалықтың талабына құлақ түрейік деген басшылық та, жүйелі шарада болған жоқ. Қоғамдық ұйымдардың талабы қаншалықты билікке жетіп жатыр? Тіл мәселесінде барлық ұйымдар бас қосу керек, сол кезде ғана билікке өз талабын орындата алады,-деді А. Тышанов.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы