Аралас форматта оқитын оқушылар қандай форма киеді?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова ата-аналарды мазалап келе жатқан мәселе туралы айтып берді.
Оның сөзінше, ата-аналарды мазалап келе жатқан тағы бір мәселе – ол мектеп формасы. Оқу жылының басында тиісті бұйрық қабылданып, мектеп формасының сақталмауы бойынша шешім қабылданған болатын.
Тағы да қайталап айтамыз. Оқушылардың аралас форматқа ауысуына байланысты мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Оқушылар өздеріне ыңғайлы, таза, ұқыпты киіммен мектептегі сабақтарына қатыса алады, - деді вице-министр Каринова брифингте.
Сонымен қатар мектеп әкімшіліктері де осы сұраққа қатысты әлеуметтік желілерінде хабарландыру қалдырып жатыр.
Құрметті ата-аналар! Мектеп формасына қатысты шешімді өздеріңіз қабылдайсыздар. Балалар мектепке мектеп формасымен немесе классикалық стильге жақын өзіне ыңғайлы әрі ұқыпты киіммен келе алады. Оқу жылы басталғанға дейін Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылында мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналарға қабылдауға мүмкіндік беретін бұйрыққа қол қойған болатын. Бұл карантиндік шектеулер жағдайында ата-аналар мен оқушылардың ыңғайы үшін қабылданған шешім, - дейді мектеп әкімшілігі.
Еске сала кетейік, 1 наурыздан бастап жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып оқушылары мен халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушылары аралас форматта оқуларын жалғастырады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы