Арал – ұлттық жауапкершілік: Өңірдегі жұмыстар қандай нәтиже беріп жатыр?
Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Арал теңізінің тағдырын тек экологиялық емес, ұлттық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселесі ретінде атап өткен болатын. Президент өңірдегі экожүйені қалпына келтіру, су ресурстарын тиімді басқару және халықаралық әріптестікті күшейту қажеттігін нақты тапсырмалармен айқындады.
Осы міндеттер аясында Қызылорда облысында қандай нақты жұмыстар атқарылып жатыр, су көлемі артып жатыр ма, сексеуіл егу қаншалықты тиімді? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де сауалдарды Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлына қойды.
– Мемлекет басшысы Аралды сақтау мәселесін Ұлттық құрылтай деңгейінде көтерді. Бұл өңірлік жұмысқа қандай серпін берді?
– Президенттің Ұлттық құрылтайдағы ұстанымы біз үшін нақты бағдар болды. Аралды сақтау - бір ведомствоның немесе бір жобаның емес, кешенді әрі ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаттың бөлігі екені айқын айтылды. Осыған сәйкес біз экология, су ресурстары, орман шаруашылығы және ауыл шаруашылығы бағыттарын бір жүйеге келтіріп жұмыс істеп келеміз.
– Қазіргі таңда Арал теңізінің су деңгейі қандай? Соңғы жылдардағы динамика не көрсетіп отыр?
– Арал теңізінің негізгі су көзі - Сырдария өзені. Соңғы үш жылда Солтүстік Аралға 6 млрд 417 млн текше метр су жеткізілді. Қазіргі таңда теңіздегі су көлемі 22,85 млрд текше метрді құрайды. Бұл - оң динамика. 2023 жылы су көлемі 20,49 млрд м³ болса, 2024 жылы 22,08 млрд м³-ке, ал 2025 жылы 22,85 млрд м³-ке жетті. Яғни, теңізге жиналған су көлемі жыл сайын артып келеді.
– Бұл көрсеткіштер қандай нақты су көздері арқылы қамтамасыз етіліп отыр?
– Кіші Арал теңізіне жіберілген су көлемі Қаратерең су бекеті арқылы есептеледі. 2023 жылы – 2 млрд 42 млн м³,2024 жылы – 2 млрд 602 млн м³,
2025 жылы – 1 млрд 773 млн м³ су жіберілді.
– Аралдың құрғаған табанында сексеуіл егу жұмыстары не үшін маңызды?
– Бүгінде Арал теңізінің құрғаған ұлтаны 6 млн гектарды құрайды, оның 2,8 млн гектары Қазақстан аумағында. Осы аймақтан жыл сайын көтерілетін тұзды-шаңды дауылдар экологияға да, халық денсаулығына да үлкен қауіп төндіреді. Бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы - фитоорманмелиорация, яғни тұзды және суарылмайтын топыраққа бейім өсімдіктерді отырғызу. Сексеуіл, сарысазан, қарабарақ, жыңғыл – осындай галофитті өсімдіктер. Негізгі мақсат – шөлейттенуді тоқтату, құмды бекіту және тұздың ауаға таралуын азайту.
– Сексеуіл егу нәтижесі ғылыми тұрғыда қалай бағаланып жатыр?
– Бұл жұмыстар қатаң ғылыми бақылауда. Арал теңізінің құрғаған табанында 1 млн 71 мың гектар алқапта топырақ зерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілді. 2024 жылдан бастап арнайы бақылау комиссиясы құрылып, оған Орман шаруашылығы комитеті, Ботаника және фитоинтродукция институтының ғалымдары, сондай-ақ жергілікті орман шаруашылығы мамандары кірді.
– Осы уақытқа дейін нақты қанша гектар жерге сексеуіл егілді?
– 2004 жылы Аралды құтқару қоры гранты есебінен Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 мың га жерге, 2005-2006 жылдары Германия ынтымақтастық ұйымы ГТС грант есебінен 1,3 мың га сексеуіл отырғызу жұмыстары жүргізілді. 2008-2014 жылдары Қазақстан, Дүниежүзілік банк және Ғаламдық экологиялық қоры арқылы қаржыландырылған «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасы аясында Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 57,4 мың га жерге сексеуіл егу жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдар ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн.га сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2024 жылдары барлығы 659,1 мың гектар алқапқа екпелер жасалды. Оның ішінде 332,5 мың гектары облыстық деңгейде, қалған көлем 326,6 мың гектары Орман шаруашылығы комитетімен атқарылды.
– Бұл жұмыстарды жүргізуде негізгі кедергілер қандай?
–Сексеуіл егу барысында бірқатар қындықтар туындайды. Негізгі қиындықтарға климаттың өте құрғақ болуы, жалпы теңіз ұлтанындағы топырақтардың қалыптаспауы, қатты желдің әсерінен топырақтың деградацияға ұшырауы, шамадан тыс тұзды болуы, жауын-шашынның аздығы, қатты желдер өзінше кедергі келтіреді.
– Аралды сақтау сексеуілмен шектелмейтіні белгілі. Су ресурстары бойынша қандай жүйелі жобалар бар?
– Бұл бағытта Қараөзек су қоймасының жобасы әзірленді. Жобаның құны - 3,8 млрд теңгені құрайды, су жинау көлемі – 775 млн текше метр. Жобаны Ислам даму банкінің «Климаттық орнықты су ресурстарын дамыту 1-кезең» жобасы аясында Министрлік тарапынан қаржыландыруға ұсынылып, жыл соңына дейін іске асыру жұмыстары басталады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ Аманөткел су торабын салу жобасы қаралуда. Бұл нысандар Кіші және Үлкен Аралға кететін суды тиімді реттеуге мүмкіндік береді.
– Кіші Аралды сақтауда Көкарал бөгетінің қазіргі жай-күйі қандай?
– Көкарал бөгетін сақтау жобасының жалпы құны 4,3 млрд теңге. Жоба 2022–2026 жылдарға жоспарланған. Бүгінге дейін 3,9 млрд теңге игерілді. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.