Арал теңізін қалпына келтіру қалай жүріп жатыр? – сарапшылар талқылады
Арал теңізін қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі мен аралдық белсендінің қазіргі шынайы ахуалы туралы ақпараттан толығырақ оқи аласыз.
Арал теңізінің құрғаған табанында бүгін сексеуіл егу жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы жылдары Сырдария бассейні мен Арал теңізі бойынша ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізіліп келеді. Алайда бұл бастамалар нақты нәтижеге қалай айналып жатыр? BAQ.KZ тілшісі Арал тағдырын шешуге бағытталған осы қадамдардың нәтижесі мен болашағы туралы біліп қайтты.
Астанада өткен RES-2026 EXPO алаңында Арал теңізі бассейнінің бүгінгі ахуалы, құрғаған теңіз табанын қалпына келтіру мәселелері кеңінен талқыланды. Онда сарапшылар Арал мәселесін тек экологиялық проблема ретінде емес, әлеуметтік, экономикалық және технологиялық түйткіл ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
Ескі жүйе – жаңа климатқа сай емес
Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің Ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Сәуле Шалмағанбетова Орталық Азиядағы су ресурстары мәселесі барған сайын күрделеніп бара жатқанын айтты. Оның сөзінше, аймақ қазірдің өзінде құрғақ климат, су қорының шектеулілігі және антропогендік қысымның артуы жағдайында өмір сүріп отыр.
Орталық Азия – климаты құрғақ әрі су ресурстары шектеулі аймақ. Мұндай жағдайда су, сөзсіз, ең маңызды ресурстардың біріне айналады. Климаттың өзгеруі мен антропогендік жүктеменің артуы жағдайында су ресурстарын ұтымды әрі тиімді пайдалану мәселесі стратегиялық маңызға ие болып отыр. Әсіресе бұл проблема ауыл шаруашылығы үшін өзекті. Себебі дәл осы сала Сырдария өзеніндегі судың негізгі тұтынушысы саналады, - деді ол.
Оның айтуынша, бүгінгі су шаруашылығын жоспарлау жүйесі, оның ішінде су тұтыну нормалары мен суару режимдері, әлі күнге дейін ескірген тәсілдерге сүйенеді.
Қолданыстағы су шаруашылығын жоспарлау жүйесі, оның ішінде су тұтыну нормалары мен суару режимдерін регламенттеу көп жағдайда ескі тәсілдерге негізделген. Олар қазіргі климаттық өзгерістерді, су балансының трансформациясын, жер пайдаланудағы өзгерістерді, сондай-ақ табиғи және әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың кеңістіктік әркелкілігін толық ескермейді, - деді сарапшы.
Сарапшының сөзінше, осы сын-қатерлерге жауап ретінде 2025 жылы Атқарушы комитет Сырдария өзені бассейнін гидромодульдік аудандастыруды түзету жобасын қолға алған.
Жоба пилоттық форматта іске асырылып жатыр. Ол Қазақстан мен Өзбекстандағы 1,7 миллион гектар суармалы жерді қамтиды, - деді ол.
Оның сөзінше, таңдалған аумақтар Сырдария өзені бассейнінің негізгі бөліктері және жобаның әдістемесін сынақтан өткізу үшін маңызды.
Деректер базасы жасақталған
Техника ғылымдарының кандидаты Павел Калашников жобаның ғылыми және техникалық нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, жұмыс барысында су ресурстары, топырақ, рельеф, жер асты сулары, суармалы жерлер бойынша ауқымды деректер базасы жиналған.
Жоба аясында ауқымды деректер базасы құрылды. Оған Түркістан және Қызылорда облыстары бойынша 1995 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңдегі Сырдария өзенінің ағысын қалыптастыруға қатысты көпжылдық мәліметтер барлық гидробекеттер бойынша жинақталды, - деді ол.
Ол бұл базада су шығыны мен су сапасы жөніндегі мәліметтер де бар екенін айтты.
Бұл мәліметтердің құрамына су шығыны, су сапасы, сондай-ақ Сырдария бассейніндегі су ресурстарының болуы мен пайдаланылуы жөніндегі жинақталған деректер де кіреді, - деп атап өтті маман.
Оның айтуынша, жоба аясында Қазақстан бөлігінде төрт негізгі телімде жерүсті зерттеулері жүргізілген.
Сырдария өзені бассейні аумағын гидромодульдік аудандастыру жобасы шеңберінде Қазақстан бөлігінде төрт негізгі телімде жерүсті зерттеулері жүргізілді. Бұл телімдер табиғи ылғалдану жағдайлары әртүрлі төрт аймақты қамтиды. Оның үшеуі Түркістан облысында, біреуі Қызылорда облысында орналасқан. Сондай-ақ спутниктік жүйелер арқылы өсімдік индексі есептеліп, ылғалдану деңгейі анықталды, - деді Калашников.
Павел Калашниковтың сөзінше, цифрлық рельеф моделі жасалып, оған талдау жүргізілген.
Сырдария бассейнінің Қазақстандағы бөлігінің 88 пайыздан астамы теңіз деңгейінен 300 метрден төмен биіктікте орналасқаны анықталды. Бұл – ауыл шаруашылығын жүргізуге қолайлы жазық аумақтардың басым екенін көрсетеді, - деді ол.
Жоба биыл да жалғасады.
2026 жылы гидромодульдік аудандардың шекарасын нақтылау, Қазақстан бөлігіндегі суармалы аумақтардың электрондық карталарын әзірлеу, негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының суару нормаларын қайта қарау, сондай-ақ климаттық сценарийлерді ескере отырып ұсынымдар дайындау жұмыстары жүргізіледі, - деді ол.
Ғарыштық мониторинг: нақты тұтыну есептелді
Ал спутниктік түсірілім негізінде нақты су тұтыну көлемі есептелгені мәлім болды.
Зерттеу барысында алғашқы кезеңде спутниктік суреттер негізінде егістік алқаптарының су тұтынуына практикалық есеп жүргізілді. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының нақты су пайдалану көлемін бағалауға мүмкіндік берді, - дейді жоба менеджері Достон Холиков.
Оның айтуынша, одан кейін суармалы жерлер толық цифрландырылған.
Бұл үшін стандартты спутниктік түсірілімдер, оптикалық деректер және кеңістіктік талдау құралдары пайдаланылды. Алынған мәліметтер топырақ сипаттамалары, еңістік көрсеткіштері және суармалы жерлердің басқа да ерекшеліктерімен біріктірілді, - дейді ол.
Нәтижесінде кешенді карта дайындалған.
Ол суармалы аумақтардың нақты жағдайын көрсетеді. Картада жер асты сулары деңгейі, интерполяциялық деректер және аумақтың басқа да көрсеткіштері қамтылды, - дейді Холиков.
13,3 мың гектар аумаққа 5 миллион сексеуіл көшеті егілді
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қорының өкілі Асылхан Асылбеков құрғаған Арал теңізі табанында сексеуіл егу жұмыстары туралы айтты.
Қазір бұл аумақта 5 миллион гектардан астам деградацияға ұшыраған жер бар. Жыл сайын атмосфераға 100 миллион тоннаға дейін тұзды және шаңды бөлшектер таралады. Оның зардабы мыңдаған шақырымға жетеді, - деді ол.
Осыған байланысты сексеуіл егу – ғылыми негізделген, тиімді шешімдердің бірі болғанын айтады. Бұл әдіс топырақты бекітуге, тұзды шаңның таралуын азайтуға және экожүйені қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Асылхан Асылбеков бұған дейін жүргізілген зерттеулер бойынша жақсы өскен бір түп сексеуіл төрт тоннаға дейін тұз бен шаңды ұстап тұра алатынын айтты.
Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, жақсы жетілген бір түп сексеуіл құрғаған теңіз табанында 4 тоннаға дейін тұз бен шаңды ұстап тұра алады, - деді ол.
Оның сөзінше, 2018-2020 жылдары гранттық жоба аясында 13,3 мың гектар аумаққа 5 миллион көшет отырғызылған. Сондай-ақ ол қазіргі кезде халықаралық донорлар мен инвесторлар тартылып жатқанын жеткізді. Ал 2026 жылдың 25 наурызында тағы 500 гектар жерге сексеуіл отырғызылғанын айтты.
Арал тұрғыны: Аралға су жетпей жатыр
Бүгінгі отырысқа арнайы Аралдан келген Жомарт Қартбаев Арал өңіріндегі жағдай туралы беріліп жатқан кейбір ресми ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
Теңіздің белгілі бір бөлігі сақталды, балық шаруашылығы қалпына келіп жатыр деген мәліметтер айтылғанымен, іс жүзінде теңізге су толық жетіп жатқан жоқ. Су негізінен ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне, әсіресе күріш алқаптарына бағытталып отыр, - деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ ол Арал мәселесімен айналысатын Халықаралық Аралды құтқару қоры өңірдің өзінде емес, Алматыда орналасқанын дұрыс емес деп есептейтінін айтты.
Бұл да жұмыстың тиімділігіне кері әсер етеді. Аралдың нақты жағдайын көзбен көріп, сол жерде жұмыс істемейінше, мәселені толық түсіну мүмкін емес. Аралды сырттан ешкім келіп құтқармайды. Бұл – ең алдымен өзіміздің жауапкершілігіміз, - деді ол.
Иә, бүгін Арал тағдыры тек ғылыми зерттеулер мен жобалардың деңгейінде қалып қоймай, нақты іске айналуы тиіс екені анық байқалады. Сарапшылар ұсынған технологиялық шешімдер мен табиғатты қалпына келтіру бастамалары нәтиже беруі үшін олар жергілікті жағдаймен ұштасып, жүйелі түрде жүзеге асырылуы қажет. Ал ең бастысы – Аралды сақтап қалу жауапкершілігі бүкіл қоғамға ортақ міндет екені тағы бір мәрте айтылды.