Арал маңында 35 мыңға жуық киік қыстап жүр

Қызылорда облысында қазір 65 мыңға жуық киік шоғырланған. Оның шамамен 35 мыңы Арал ауданы аумағында қыстап жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.

Мамандардың мәліметінше, ақбөкендер өңірге қыс мезгілінде Ақтөбе, Қостанай және Ұлытау облыстарынан табиғи көшу жолдары арқылы келеді. Әлеуметтік желілерде «киіктер ауылдарға кіріп жатыр» деген ақпарат тарағаннан кейін инспекция қызметкерлері арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген.

Елді мекендерден алыстату шаралары нәтиже бермеген соң, әлсіреген жануарларға жем-шөп шашылған. Қазіргі таңда киіктердің жағдайы жақсы, жаппай қырылу фактілері тіркелмеген.

Мамандардың айтуынша, өлім-жітімнің аз бөлігі табиғи себептерге байланысты.

«Охотзоопром» РМҚК өңірлік филиалының басшысы Расул Махановтың айтуынша, қыс басталғалы бері бар болғаны 12 аталық киік өлімі тіркеліп, тиісті акт жасалып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.

Қазіргі таңда көп мөлшерде қырылып жатқан киіктер байқалмайды. Теміржол белгілі бір деңгейде кедергі болып тұр, дегенмен жайылымдық жердің қолайлы болуына байланысты киіктер Арал аумағында қалып отыр. Соның арқасында жануарлар әлденіп үлгерді, – деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: freepik
Өзгелердің жаңалығы