Қызылорда облысында жүргізілген арнайы операция барысында полицейлер екі ірі қарасора алқабын анықтап, алты адамды қолға түсірді.
Оқиға «Қарасора-2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүзеге асты. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы заңсыз есірткі өсіру деректерін анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде.
Кезекті рейд кезінде полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағы тікұшақпен әуеден бақылау жүргізген. Нәтижесінде Арал ауданына қарасты Жіңішкеқұм ауылының маңынан екі ірі қарасора алқабы табылды.
Бірінші учаскені тексеру барысында 1090 түп қарасора және оны суару мен күтіп-баптауға арналған арнайы құралдар тәркіленді. Осы іс бойынша үш күдікті ұсталды.
Ал екінші алқаптан 849 түп қарасора, ерекше иісі бар кептірілген шөп салынған пакет пен өсімдік тұқымдары сақталған пакет табылды. Оқиға орнында тағы үш адам қолға түсті.\
Тергеу барысында тәркіленген заттарға сараптама жүргізіліп, олардың қарасора тұқымдасына жататыны расталды.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер тіркеліп, күдіктілер қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы Қызылорда облысында есірткіге қатысты 27 құқық бұзушылық анықталған. Полиция заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес жұмыстарын одан әрі күшейтетінін мәлімдеді.