Арабтар еліміздің агроөнеркәсібіне инвестиция салмақшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Аль-Дахра» холдингі өкілдерінің делегациясы АӨК саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерді зерттеу үшін Қазақстанға жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапары аясында инвесторлар «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ-мен, қаржы ұйымдарының және қазақстандық ірі агро компаниялардың өкілдерімен бірқатар бірлескен кездесулер өткізді.

Делегация құрамына үкіметпен байланыс жөніндегі Бас директоры доктор Сулайман әл Нуаими, БАӘ-нің ҚР-дағы Елшілігінің экономикалық бөлімінің басшысы Мира Алазизи, ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесші Рашид Әл Шураик, арнайы жобалар жөніндегі директор Аиша Алафифи кірді.

Жұмыс сапары барысында «KIDF Management Company», «Samruk Kazyna Invest», «AIFC», «Olzha Agro» ұйымдары «Аль-Дахра» компаниясының өкілдеріне АӨК саласындағы перспективалы инвестициялық жобаларды ұсынды. Кездесу барысында тараптар заманауи агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ тұрақты ауыл шаруашылығына көшу мүмкіндіктерін талқылады.

Сонымен қатар, жылыжай бизнесі және бидай, зығыр, арпа, сондай-ақ қой еті, құс еті және т. б. сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселелері қозғалды. 

Сондай-ақ, кездесу барысында «Аль-Дахра» холдингінің инвесторлары қазіргі заманғы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды іске асырумен қатар, аграрлық қор құру мүмкіндігін талқылады.

«Aль-Дахра» холдингі делегаттарының жұмыс сапары аясында «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ-мен кездесу өтті. Кездесу барысында «KAZAKH INVEST» компаниясының инвестициялар тарту және маркетинг департаменті директорының орынбасары Сәкен Олжабаев Қазақстанның инвестициялық ахуалы, үкімет тарапынан көрсетілетін инвестицияларды қолдау шаралары, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы көрсететін көмек туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі - Қазақстан экономикасының үлкен әлеуетке ие стратегиялық секторларының бірі. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданы 200 млн гектардан астам жерді құрайды, оның ішінде егістік жерлер - 25 млн гектарға жуық, жайылымдар - 180 млн гектарға жуық. Бұдан бөлек, жаңа жобалар үшін шикізат базасын дамыту бойынша суармалы жерлерді енгізудің жоғары әлеуеті бар, - деп атап өтті Сәкен Олжабаев.

Сондай-ақ, «KAZAKH INVEST» инвестициялар тарту және маркетинг департаменті директорының орынбасары өз сөзінде Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетін анықтайтын Еуропа мен Азия арасындағы тиімді географиялық орналасуын ерекше атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды іске асыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағытындағы ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін қарастырды.

Айта кету керек, 2021 жылғы 10-11 маусым аралығында қазақстандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының «БАӘ азық-түлік қауіпсіздігі Стратегиясы 2051» жобасына қатысу мүмкіндіктерін талқылау үшін БАӘ азық-түлік қауіпсіздігі министрі Мариям бин Мухаммед Аль Мейри ханымның сапары өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы