Араб инвесторлары қазақстандық компанияларға қызығушылық білдіріп отыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Самұрық-Қазына» АҚ Дубай қаласындағы Nasdaq Dubai MarketSite алаңында инвесторлармен Қордың даму стратегиясына, жекешелендіру бағдарламасына арналған дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға ірі халықаралық компаниялардың өкілдері мен инвесторлар қатысты, деп хабарлады Қордың баспасөз қызметі.
Дөңгелек үстелдің ашылуында сөз алған Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов БАӘ мен Таяу Шығыстағы компанияларды өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға шақырды.
«Самұрық-Қазына» АҚ Қазақстанда жалпы сомасы 74 млрд долларды құрайтын ірі мемлекеттік активтерді басқарып отыр. Былтыр Қордың компаниялар тобы таза табысты 1,1 трлн теңгеге жеткізіп, ЖІӨ-дегі үлесін 6,8 пайызға жеткізді», - деді Ахметжан Есімов.
Ахметжан Есімов Қордың жекешелендіру жөніндегі жоспарларын да таныстырды. Жекешелендіру аясында Қор үш ірі компанияны IPO-ға, тағы екі компанияны стратегиялық инвесторға сатуға әзірлеп жатыр.
2019 жылы биржаға байланыс операторы «Қазақтелеком» АҚ мен ұлттық әуе тасымалдаушы «Эйр Астана» АҚ шықса, 2020 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сатылымға шығады.
Өз кезегінде «Дубай инвестициялық корпорациясы» басқарма төрағасы Әл Шайбани мырза араб инвесторларының осы айтылған жобаларға сөзсіз қызығатынын атап өтті.
«Біз сіздердегі еншілес компаниялардың болашағы мен мүмкіндіктері туралы хабардар болу үшін осы форумды асыға күттік. Қазақстан мен БӘА арасында ортақ дүние көп. Екі мемлекет те Еуропа мен Азия шекарасында орналасқан. Жаңа Жібек жолының жаһандық стратегиясы сіздер үшін де, біз үшін де Еуропаға шығатын жаңа сауда жолы болмақ. Сондықтан, біз «Самұрық-Қазына» ұсынған жобаларды мұқият қарап, оларға міндетті түрде қатысамыз», - деді ол.
Осы кездесу асында «Тау-Кен Самұрық» АҚ мен «Yilmaden Holding A.Ş.» компаниясы металл-кремний шығаратын зауытты бірлесіп дамыту жөніндегі мәміленің негізгі шарттары туралы келісімге қол қойды. Атап өтсек, Yildirim Holding A.Ş. компаниясы теңізде тасымал жасайтын, тау-кен, химия, электр қуаты салаларында төрт құрлықтағы елуден астам елде жұмыс істеп отырған ірі түркиялық холдинг. Бұл компания Ресейдің «Мечела» компаниясынан Ақтөбе облысындағы хром қоймалжыңын шығаратын зауытпен қоса, «Шығыс» хром кенін 260 млн долларға сатып ала отырып, Қазақстанға ең алғаш рет 2013 жылы ірі шетелдік инвестор ретінде келген болатын. Енді компания Жамбыл облысында жалпы құны 300 млн доллар болатын кальций содасының зауытын салу арқылы Қазақстанға тағы да 1 млрд доллардан астам инвестиция салмақшы.
Жалпы, дөңгелек үстел аясында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтсақ, Есімов «Дубай инвестициялық корпорациясының» басқарма төрағасы Әл Шайбанимен, «DP World» компаниялары директорлар кеңесінің төрағасы ибн Суляеммен, «Etisalat International» басқарма төрағасы Хамет Доуидармен, «Yildirim Holding» басқарма төрағасы, Дубай халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Эсса Казиммен кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың қарашасында «Самұрық-Қазына» «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының өзіне тиесілі акцияларының 15 пайызын Лондон қор биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығының биржасына шығарған болатын.
2018 жылдың қорытындысы бойынша, Компаниялар тобының негізгі қызметінен түскен кіріс 8,5 трлн теңгені құрап, 35 пайызға артқан. Қордың компаниялар тобының қарызы 1 трлн теңгеге, сыртқы қарызы 4 млрд долларға қысқарды.