Араб елдерінен 4 мыңға жуық қазақстандық елге қайта алмай жатыр
Таяу Шығыстағы әуе қатынасының шектелуіне байланысты бірнеше елде мыңдаған қазақстандық турист уақытша елге қайта алмай отыр.
Таяу Шығыстағы әуе қатынасының шектелуіне байланысты бірнеше елде мыңдаған қазақстандық турист уақытша елге қайта алмай отыр. Бұл жайлы «Туристік Қамқор» қорының директоры Асылхан Есілов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қор басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінде шамамен 2500 қазақстандық турист бар. Олардың барлығы тур-код арқылы тіркелген азаматтар.
БАӘ-дегі 2500 туристің барлығы тур-коды бар азаматтар. Біз туроператорлармен бірлесе отырып, оларды қонақүйлерге орналастырдық. Ешкім далада қалып қойған жоқ, – деді Асылхан Есілов.
Сауд Арабиясында 200-ден астам қазақстандық турист жүр. Қор дерегінше, олар да қонақүйлерге орналастырылған.
Сонымен қатар Қатарда 1 мыңнан астам қазақстандық турист бар.
Тур-коды бар барлық туристер қонақүйлерге орналастырылды. Біз ешкімді ұмытпаймыз, ешкімді қалдырмаймыз. Қазіргі жағдай толық бақылауда, – деді қор директоры.
Еске салайық, аймақтағы әскери шиеленіс пен әуе кеңістігінің уақытша жабылуы салдарынан халықаралық рейстердің бір бөлігі кейінге шегерілген. Құзырлы органдар қазақстандық туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елге кезең-кезеңімен қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр.