Қарағандының банктерінде карантин талаптарының сақталуы қадағаланды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасы, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері екінші деңгейлі банктерге рейд жүргізді. Мобильді топ банктерде карантин талаптарының қалай қадағаланатынын көріп, халықтың қауіпсіздік шараларын қаншалықты сақтайтынын бағамдап қайтты.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары мен құқық қорғау қызметкерлері, сондай-ақ журналистерден құралған мобильді топ Октябрь ауданында орналасқан бірнеше банкті аралап, Қарағанды облысы мемлекеттік бас санитарының қаулысымен бекітілген карантин шараларының сақталуын қадағалады. Қарағандының Майқұдық шағын ауданында орналасқан екінші деңгейлі бес банкке мониторинг жүргізу барысында нысандардағы санитарлық шаралардың, банк қызметкерлері мен клиенттерінің карантин режимін сақталуы бойынша тексеріс жүргізілді.


Біздің банкте карантин талаптарының барлығы сақталады. Банк қызметкерлерінің барлығы міндетті түрде бетпердемен, қолғаппен жүреді. Сондай-ақ, осы қорғаныс құралдарының күніне кемінде үш рет ауыстырылуы қатаң қадағаланады. Ғимараттың терезелерін ашып, желдетіп, ауаны тазартып отырамыз, - дейді "Халық банкінің" Майқұдық бойынша №4 дербес сервис орталығының бастығы Әсел Игенбаева.

Оның айтуынша, банк қызметін пайдалануға келетін клиенттердің ғимаратқа тек бетпердемен кіруіне рұқсат етіледі. Дегенмен де, келушілердің арасында маскасыз келетін тұрғындар да болады екен. Мұндай жағдайда банк қызметкерлері түсіністік танытып, клиенттеріне банк қорынан маска беріп, қолайлы жағдай жасауға тырысады.

Кей жағдайда жасы үлкен қариялар немесе мүмкіндігі шектеулі клиенттер дәл қазіргі уақытта маскасы жоқ екендігін, дегенмен де банктегі шаруасын бітіру қажеттігін айтып, көмек сұрайды. Осындай жағдайда оларға банк қорындағы бетпердеден беріп, көмек көрсетеміз, - дейді "Халық банк" қызметкері.

"Халық банк" күнінен шамамен 150-ге тарта клиентке қызмет көрсетеді. Зейнетақы, жәрдемақы берілетін уақыттары банкке келушілердің саны артады. Бұл кездері банк қызметкерлері клиенттерінің қауіпсіздігі үшін ғимаратқа кірушілердің санын шектеп, карантин шараларының сақталуын барынша қадағалайды.


Мобильді топ бұдан кейін "Банк Хоум Кредит", "Сбербанк", "Jysan Bank" және "Еуразиялық банк" бөлімшелерінде болып, карантин талаптарының қадағалануын, қауіпсіздің шараларының сақталуын бақылады. Бұл банктер облыстың бас санитарының қаулысы бойынша бекітілген талаптарды орындап, халыққа қызмет көрсетуде сақтықты алдыңғы орынға қоятындықтарын көрсетті.

Біздің "Jusan bank"-тің Қарағанды қаласы Октябрь ауданындағы бөлімшесінде алты маман клиенттерге қызмет көрсетеді. Банктің барлық қызметкері қорғаныс құралдарымен қамтылған. Күніне бірнеше рет ғимаратқа санитарлық тазалық жүргізіледі, терезелер ашылып, ауа желдетіледі. Банкке дене температурасы 37 градустан аспайтын клиенттердің кіруіне рұқсат етілген. Клиенттердің бетперде киюі міндетті. Кіреберісте қолды дезинфекциялауға арналған санитайзер орнатылған, - дейді "Jusan bank"-тің бөлім басшысы Асхат Рахимбергенов.

Оның айтуынша, банкке несие рәсімдеу, депозит толықтырудан өзге коммуналдық қызметтерді төлеу, балабақша ақысын өтеу сияқты басқа да кассалық операцияларды орындау үшін күніне шамамен 130-150-ге тарта адам келеді. Клиенттердің барлығының дене қызуы өлшеніп, арнайы журналға тізіледі. Бөлім басшысының сөзінше, карантин режимі кезінде банкке келген клиенттер арасында жоғары температурасы бар клиенттер болмаған.

Жергілікті әкімдік пен құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлерінен құралған мобильді топ күн сайын нысандарды аралап, рейд жүргізеді. Мониторинг барысында қоғамдық тамақтану орындарының және банктердің, дүкендердің, сауда үйлерінің, сән салондары мен басқа да қызмет көрсету орындарының санитарлық талаптарды сақтауын қадағалаймыз. Бүгін біз екінші деңгейлі 5 банкке рейд жүргіздік. Барлық банктің санитарлық талаптарды сақтайтынын көрдік. Тек бір ғана банкте адамдардың әлеуметтік арақашықтықты сақтамау жағдайы тіркелді. Мұндай жағдайда біз алдымен түсіндірме жүмыстарын жүргізіп, ескерту жасаймыз. Егер де талаптар екінші мәрте бұзылатын болса, хаттама толтырылып, әкімшілік сотқа жолдайтын боламыз, - дейді Қарағанды қаласы Октябрь ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Әсел Тұрмағанбетова.

Оның айтуынша, карантин режимі кезінде Қарағанды қаласының Октябрь ауданында 255 нысанға рейд жүргізілген. Оның ішінде 6 нысанда санитарлық талаптардың бұзылуы анықталып, сәйкесінше ескертулер жасалып, хаттама толтырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы