Қарағандылық еріктілер тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруге көмектеседі

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Қарағанды облысында құрамында 5000-нан астам ерікті тіркелген 90-ға тарта волонтерлік қозғалыс бар. Өңірдегі волонтерлік ұйымдардың өкілдері бас қосып, жоспарларымен бөліскен еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды "Волонтерлер жылы" деп жариялауына орай Қарағандының Достық үйінде өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан келген еріктілер жиналды. Волонтерлер слетіне еріктілерімен қатар, аймақтың белсенді жастары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен қоғам қайраткерлері де қатысты.

2020 жылы жүйелі жоспар бойынша жұмыс істейміз. Оның алғашқысы – еріктілерге арнап инфрақұрылым құру, екіншісі – әдіснамалық және заңнамалық тұрғыда кеңес беруге арналған алаңдар ашу жобасы. Үшіншіден – еріктілер қозғалысына барынша көп адам жұмылдыру. Қазіргі уақытта облыс бойынша 5000-нан астам ерікті бар, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 20 мыңға жеткізу жоспарда, – дейді Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Нұржан Жетпісбаев.

Еріктілер әлеуметтік, білім беру, спорт және медиация бағыттары бойынша жұмыс жасамақ. Жыл бойы волонтерлер жастарға патриоттық тәрбие беру, азаматтық ұстанымды қалыптастыру бағытындағы шараларға ат салысатын болады. Сонымен қатар, тарихи ескерткіштерді сақтау мен қайта қалпына келтіру жұмыстарына көмек қолын созады, яғни этноволонтерлікпен айналысады. Қазіргі уақытта өңірде 2700-ден астам тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер бар. Волонтерлердің "Асыл мұра" жобасы осы бағыттағы шараларға арналатын болады.

Саран қаласындағы еріктілер қозғалысын 1995 жылы құрғанбыз. Біздің орталықта Илья Карпов атты этноволонтер бар. Ол соғыс ардагерлерінің қараусыз қалған мазарларына қарайлайды. Сонымен қатар, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруге көмектесеміз. Бұдан басқа біздің еріктілер қозғалысы тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып, есірткіге тәуелді жасөспірімдермен де жұмыс жасайды. Облыстың барлық волонтерлік қозғалыстарының өкілдері қатысқан жиын бізді біріктіруге, тың идеялар мен жаңа жобалармен бөлісіп, оларды талқылауда таптырмас орын болды деген ойдамын, – дейді Саран қаласындағы еріктілер орталығының жетекшісі Евгений Хисметов.

Шарада еріктілер Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орайластырып "25 игі іс" атты акцияны бастады. Акция аясында волонтерлер халықтық әлеуметтік қорғалмаған топтарына көмектеспекші.

Шараның басты мақсаты облыстағы волонтерлік ұйымдардың басын бір арнаға тоғыстыру және жұмыс жасау. Барлық ұйымдарды бір жерге жинап, осы жылға жоспар жасап, ары қарай бірлесе жұмыс атқару керек. Біздің ҚХА еріктілер қозғалысының құрамында қазіргі уақытта екі жүзге тарта адам бар. Олардың ең жасы 11-де болса, ең үлкені 67 жаста, – дейді Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясынның волонтерлік қозғалысы орталығының жетекшісі Дамир Меңдібеков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы