Қарағандыда "Жыршы-жырау" сыныбы ашылды
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылында жыршы Бұқар жырау Қалқаманұлы атындағы сынып ашылды. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ашылып, қазақтың айтыс өнерін жаңғыртуға, балалар арасында жаңа таланттарды анықтауға бағытталған сыныпта 52 оқушы өнермен сусындайтын болады.
Қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын, қоғам қайраткері Бұқар жырау Қалқаманұлының өмірі мен шығармашылығының өзектілігін келешек жас буынның бойына сіңіру, жыраулық өнердің құдіретін ұғындыру мақсатындағы сыныптың ашылуы "Рухани жаңғыру" бағдарламасымен астасып жатыр. Ұйымдастырушылар Бұқар бабамыздың әдеби мұрасын және тарихтағы елеулі орнын насихаттау, ақын-жыраулардың шығармашылығына қолдау көрсету арқылы жыраулық поэзияның дамуына ықпал ету, еркін елдің жарқын жетістіктерін, өткен тарихы мен кемел болашағын жыраулық поэзияның құдыреті арқылы жеткізе алатын, баба жолын жалғайтын өнерлі ұрпақ тәрбиелеу басты мақсат екендігін айтады.
Елбасымыз "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында есімдерімен мақтанатынын бабаларымыздың, ұлы ойшылдар, ақындар мен ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажеттігін айтқан болатын. Яғни еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, "Ұлы Дала тұлғалары" атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажеттігін баса көрсеткен болатын. Біздің бүгінгі бастамамыз осы "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласындағы нақты көрестілген жобаларды жүзеге асыру болып табылады, - дейді талантты балаларға арналған сыныпты ұйымдастырушы Сәуле Артықбаева.
Бұқар жырау Қалқаманұлы атындағы жыршы-жырау сыныбында танымал ақын Тілеген Әділов ұстаздық ететін болады. Осындай сыныптар бұған дейін Бұқар жырау ауданының орталығында және Керней ауылында ашылған болатын. Қазақтың айтыс өнерін жаңғыртуға, балалар арасында жаңа таланттарды анықтауға бағытталған сыныптардың балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор дейді ұйымдастырушылар.
Осыдан алты жыл бұрын бабамыз, көмекей әулие Бұқар жырау Қалқаманұлының 345 жылдығына орай аудан орталығындағы балалар өнер мектебінде жыршы-жыраулар сыныбы есігін айқара ашты. Бұл үрдіс былтырғы жылы да жалғасын тауып, бабамыздың 350 жылдық мерейтойы қарсаңында жыршы-жыраулар сыныбы Керней ауылында да ашылды. Ал енді бүгін өлең өлкесіне өзінше қанат қағып, қалам тербейтін, жыршы бабалары мен ақын ағаларының ізін жалғайтын ұрпақ тәбиелейтін тағы бір сыныптың тұсауы кесілді, - дейді Сәуле Артықбаева.
Ата-аналар мен жергілікті тұрғындар бұл мерекені көптен күткен болатын. Олардың пікірінше, осындай қадамдардан қазақ халқының мәдениетін жаңғырту және балаларды дәстүрге сай тәрбиелеу бастау алады.
Бүгінгі күн ауылысыздаа ақ түйенің қарны жарылған күн десек те болады. Биылғы тойланып жатқан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының аясында халықтың игілігі мен болашақ ұрпағымыздың өнегелі, тәрбиелі, рухани дүниесінің бай болып өсуі мақсатында ашылып отырған Бұқар жырау Қалқаманұлы атындағы жыршы-жыраулар сыныбының берері мол болады деген ойдамын, - дейді ауыл ақсақалы Жақыпбек Шаяхметов.