Қарағандыда балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысы басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда балалар мен жеткіншектерге арналған жаңа сарайдың құрылысы басталды. Кішкентай қарағандылықтарға осындай сыйлық жасау туралы тапсырманы Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жазда Қарағандыға келген кезде берген болатын. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Бүгін болашақ ғимараттың орнында уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Онда қазіргі жастардан болашақ ұрпаққа Жолдау салынған. Капсуланы 2050 жылы ғана ашады.
«Балаларды қорғау күні оларға сыйлық тарту дәстүрге айналған. Елбасының тапсырмасы бойынша біз қарағандылық балаларға кең, қазіргі заманғы Оқушылар сарайын сыйлаймыз. Бұрынғы сарай осыдан 80 жыл бұрын салынған болатын. Өкінішке қарай, ол барлық талаптарға жауап бермейді және оған барлық ниет білдірушілер сыймайды», - деді Ерлан Қошанов.
Капсуланы салу рәсіміне қатысушылар қарағандылық оқушылардың қолөнер бұйымдары мен өнертабыстарының көрмесін көре алды. Көрмеде авиамоделдеу үйірмесінің қатысушылары жасаған ұшақтар көрсетілді.
Балалар мен жасөспірімдер сарайының жаңа ғимараты Оңтүстік-Шығыста, Достық үйінің артында салынады. Бұл заманауи үш қабатты ғимараттың көлемі шамамен 10 мың шаршы метрді құрайды. Ғимараттың сырты энергия үнемдейтін материалдармен қапталады.
«Мұнда барлық сабақтар тегін болады. Оған 4000-нан астам бала қатыса алады. Робототехника, бағдарламалау және авиамоделдеу сияқты 50-ден астам техникалық бағыттағы үйірмелерді ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар, біз балаларға заманауи технологияларды - гидропоника мен аэропониканы пайдалануды үйрететін боламыз. Бұл өзекті және қазір балаларға өте қызықты дәрістер. Гуманитарлық және шығармашылық бағытты қалайтындар үшін мұнда үйірмелер, шеберханалар, хореографиялық залдар, коворкингтер жұмыс істейді, - дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметова.
Жаңа Оқушылар сарайының құрылысы 2020 жылдың қараша айында аяқталуы тиіс.