Қарағандыда заманауи Оқушылар сарайы салынып жатыр

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығында жасөспірімдер мен оқушыларға арналған орталық салынып жатыр. Оқушылар сарайының құрылысы желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда.

Кеншілер қаласының жас балғындары үшін жаңа әрі заманауи ғимарат тұрғызу ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Еске салайық, 2019 жылы күзде Елбасы Қарағанды аймағына жұмыс сапары кезінде облыс орталығында жасөспірімдер мен балаларға арналған орталық салуды тапсырған болатын. 

Бүгінде құрылысы аяқталуға жақын нысан күніне 3000-нан астам баланы қабылдайтын болады. Заманауи стандарттарға сай салынатын ғимаратта 380 адамға шақталған көрермен залы да орын тебеді. Ғимараттың ауласында футболға, баскетболға арналған алаңдар орналасады.

Оқушылар сарайында 50-ге тарта үйірме ашу жоспарлануда. Мұнда балалар тегін түрде хореографиямен, сурет салумен, спортпен айналысып, сондай-ақ, нанотехнология, космонавтика салаларындағы қабілеттерін шыңдайтын болады. 

Құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Дегенмен, қазірдің өзінде ғимараттан орын беруді сұраған жеке кәсіпкерлерден ұсыныстар түсуде. Бірақ біз алдымен нысанды пайдалануға береміз. Сосын жағдайға қарай көретін боламыз. Өздеріңіз түсініп отырғандай, егер де қосымша білім берумен айналысатын кәсіпкерлерге жалға орын берсек, онда олардың ұсынатын қызметі де ақылы болады, - дейді Қарағанды қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Наталья Головина.
Оның айтуынша, қазіргі Жасөспірімдер мен балалар сарайы жаңа ғимарат ашылған соң да қалыпты режимде жұмыс істейтін болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы