Қарағандыда өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін қолдау мақсатында форумы өтті
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының ішкі істер органдарында жиырмадан астам ұлттың өкілдері қызмет етеді. Өз тілін ғана емес, қазақ тілін де құрмет тұтқан қарағандылық өзге этнос полицейлері арасында мемлекеттік тілді қолдау мақсатында форум ұйымдастырылды.
Облыстық ішкі істер органдарының барлық саласында қызмет ететін полицейлер қатысқан «Толерантты тілдік орта – рухани жаңғыру негізі» аталатын шарада өзге ұлт өкілдері өздерінің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендіктерін көрсетті. Полицейлер өздерінің мамандығы мен өмір салты жайлы қазақ тілінде баяндап, күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік тілді қолдану арқылы оны дамытудың жолдарын көрсетті.
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Қарағанды облысының Полиция департаменті белсенді ат салысуда. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барлық тілдерді дамытуға мүмкіндік береді», - деді шараның ашылу салтанатында Қарағанды облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Қайыркен Әлиев.
Форумға полицейлермен қатар жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Қарағанды облысы бойынша Халықаралық Полиция Ассоциациясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты. Шарада Полиция департаменттің шығармашылық ұжымдары патриоттық әндер орындап, ұлттық аспаптарда ойнады. Құқық қорғау қызметінде еңбек ететін түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді жылдам үйрену үшін қазақ тілін қызметте және отбасында да қолданатын толерантты орталықта өмір сүрудің маңыздылығы жоғары екендігін айтады.
«Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданындағы полиция жедел бөлімінде қызмет етемін. Ұлтым – неміс. Менің отбасымда қазақ тілінің орны ерекше. Себебі мен де, менің жарым да, балаларым да қазақ жерінде дүниеге келген. Қазақ тіліне құрметім орасан. Балаларым қазақ мектебінде білім алады», - дейді Дмитрий Абермет.
Форумға №21 орта білім беретін мектептің кадеттері де қатысып, полицейлердің қазақ тілін білу деңгейіне тәнті болды.