Қарағандыда роликодром ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша конькимен жүгірушілер мен шорт-трекшілерге арналған ролик алаңын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. 

Нысанның ерекшелігі – бес қабатты акрил жабынында. Жаңартылған жолдарда спортшылар жылдамдықты қауіпсіз дамытып, тік бұрылыстар дағдыларын үйрене алады.

2011 жылы Қарағандыда конькимен жүгірушілердің жазғы жаттығуларына арналған Роликодром ашылған болатын. Көше корты орталық саябақта қысқы спорт түрлері бойынша облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебі ғимаратының жанында орналасқан.

Қайта жаңартудан кейін олимпиада спортшыларын даярлау базасы жақсара түспек.

Біз роликодромды жаңарту мәселесін бірнеше жыл бұрын көтердік. Тәрбиеленушілеріміз жазда белсенді жаттығады, бірақ алаңды жөндеу қажет болды. Барлығы қаражатқа келіп тірелді: қажетті сома тым үлкен болды. Биыл "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша қаражат бөлінді. Бұл халықаралық стандарттарға жақындатылған конькишілер мен шорт-трекшілердің жазғы жаттығуларына арналған мамандандырылған роликодром болады, – деді ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы қысқы спорт түрлері бойынша ОБЖСМ басшысы Гүлнар Алиқұлова.
Оның айтуынша, Қарағанды облысында қысқы спорт түрлері дамуда. Соңғы жылдары халықаралық дәрежедегі алты спорт шебері дайындалды. Олардың қатарында қысқы Олимпиада ойындарының қатысушылары бар.

Роликодромды қайта жаңартуға 34 млн теңге бөлінді. Жұмыстарды Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс фирмасы атқарады. Жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша объектіде қарағандылықтар жұмысқа орналастырылды.

Біздің елорда мен Қазақстанның басқа да қалалары – Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс тәжірибеміз бар. Қарағандыдағы тапсырыс біз үшін өте жауапты. Жас спортшылар дамуы үшін жақсы, сапалы жағдай жасауға тырысамыз. Осы нысанда үшінші ай жұмыс істеп жатырмыз. Асфальт ауыстырдық. Біз жабынның үшінші қабатын аяқтаудамыз. Осыдан кейін база мен белгілер қалады, – деді "Ақжан строй" ЖШС директоры Өміржан Бақытай.

Оның айтуынша, жабын материалы ерекше болғандықтан, тек таңертеңгі уақытта ғана жұмыс істеуге тура келеді. Ыстықта акрил жабынын төсемеген жөн. Себебі ол сапаға әсер етеді. Спорт федерацияларымен сертификатталған ресейлік өндіріс материалы қолданылады. Қазақстанда оның баламалары шығарылмайды.

Кесте бойынша жұмысты 20 тамызда аяқтау жоспарлануда. Бірақ мердігер нысанды мерзімінен бұрын тапсыруға уәде береді.

Бірінші жаңартылған роликодромды облыстың жетекші конькишілері сынап, өз бағасын береді.

Қарағанды облысында Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша спорт саласында жалпы құны миллиард теңгеге 14 жоба жүзеге асырылуда. Бұл қаржыға спорт мектептерінің ғимараттары, стадиондар, футбол алаңдары мен жүгіру жолдары жөнделеді, сондай-ақ инженерлік коммуникациялар ретке келтіріледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы