Қарағандыда «Нұрлы жер» аясында биыл 4300 пәтер пайдаланылуға берілмек

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында іске асырылатын «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Қарағанды өңірінде бірқатар шаралар атқарылуда. Үстіміздегі жылы бағдарлама аясында 420 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек.

«Нұрлы жер» бағдарламасы жалдамалы пәтерлер, несиемен берілетін баспана салу, жекеменшік тұрғын үй құрылысын дамыту жеке кәсіпкерлердің тұрғын үй салуына қолдау бағыттарында жұмыс істейді.

Бағдарламаны іске асыру үшін қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен, сонымен қатар жекеменшік инвестиция тартумен іске асырылады.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша қаржыландырудың барлық көздері арқылы 416,8 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 4135 пәтер пайдаланылуға берілді. Жоспар артығымен орындалды. Өткен жылы 11 жалдамалы үйлер салу бойынша 11 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1 млрд 475 млн теңге бөлінді. «Нұрлы жер» бағларламасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша кезекте тұрған 684 жанұя жалдамалы пәтермен, 549 отбасы несиелік баспанамен қамтылды. Сонымен қатар, 343 мың шаршы метр аумақ жекеменшік үйлер мен коммерциялық нысандар салуға бөлінді», - дейді Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайxан Қалмаxанов.

Нұрлы жер бағдарламасы өткен жылы облыстың барлық қалалары мен аудандарында жоспарлы түрде іске асқан. Тек Қарқаралы ауданында жоспар тек 46 пайызға орындалды. Бұған ауданда құрылыс жұмыстарын жүргізуге арналған инженерлік коммуникациясы дайын жердің болмауы және жалдамалы пәтер жобасының дайындалмауы себеп.

Тайxан Қалмаxановтың айтуынша тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру биыл да жалғасын табуда. Облыста барлық қаржыландыру көздері арқылы 420 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілмек. Бұл дегеніңіз 4300-ден астам отбасы баспаналы болады деген сөз.

Баспана дәрігер,педагог, полиция және басқа да мемлекеттік қызметкерлерге, сондай-ақ аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға берілетін болады.

«Қаңтар айынан сәуірге дейін 136,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілді. Бұның 38,5%-ы жекеменшік, 37,8% коммерциялық, 33,6% мемлекеттік секторға тиесілі. Жалдамалы тұрғын жай секторына республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінді. Биылғы жылы Теміртау, Саран, Приозерск қалаларында, Ақиоғай, Бұқар жырау, Шет, Жаңаарқа аудандарында 260 пәтер қолданысқа беріледі. Екінші нарықтағы 204 пәтерді сатып алуға 1,5 млрд теңге қарастырылған. Жергілікті бюджет есебінен салынатын баспаналардың құрылысы да белсенді жүруде. 2019 жылдың мамыр айында 100-ден астам жанұя қоныс тойын тойлады», - дейді Тайxан Қалмыxанов.

Сонымен қатар, жаңа құрылыс алаңдарына инженерлің коммуникация тартуға 2,9 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 20 тұрғын үй кешенін салуға бөлінетін жерлерге электр энергиясы, су құбыры мен кәріз жүйесін тартуға жұмсалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы