Қарағандыда мүгедектерге алғаш рет қоғамдық сыйлық табыс етілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда "Жан Дос" қоғамдық бірлестігінің бастамасымен мүмкіндігі шектеулі адамдардың жетістіктері үшін атаулы сыйлық тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайты хабарлады. 

Марапаттау рәсімі К. Станиславский атындағы театр ғимаратында өтті. Шара Халықаралық мүгедектер күніне орайластырылды. 


Біздің байқаудың мақсаты – мүгедектігі бар адамдарды қоғамдық қызметке ынталандыру. Қоғамның қол жеткізген жетістіктерін көргенін және осы мысалдар басқаларды жаңа жетістіктерге шабыттандырғанын қалаймыз, - деді "Жан Дос" ҚБ құрылтайшысы Сырым Ағұбаев.

Сыйлықты тек белгілі бір жетістіктерге жеткен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ғана емес, сонымен қатар оларға көмектесетін жандарға да табыс ету туралы шешім қабылданды. 

Байқауға 60-тан астам өтінім түсті. Лауреаттарды қоғамдық және мемлекеттік қызметкерлерден құралған комиссия таңдады.


Театр холлында мүмкіндігі шектеулі адамдар дайындаған жұмыстардың көрмесі ұсынылды. Марапаттау рәсіміне мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, Nur Otan партиясының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Лауреаттар мүсіншелер мен дипломдар, ақшалай және бағалы сыйлықтар алды. 


Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Жан Дос" қоғамдық сыйлығы жыл сайын өтетін болады. "Жан Дос" сыйлығының алғашқы иегерлері:
Мейірім Орынбаев, MEIIRIM оңалту орталығының жетекшісі, "Ғибрат" жастар денсаулық орталығының қызметкері - "мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдық қызмет саласындағы үздік жетістіктері үшін";
Кәріпбек Күйіков - "мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолданбалы өнер саласындағы жетістіктері үшін";
Біржан Әбжанов - "вокалдық орындау саласындағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың үздік жетістіктері үшін";
Наталья Звягинцева - "мүмкіндігі шектеулі адамдардың спорт саласындағы жетістіктері үшін";
Виктория Титова - "мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәдениет саласындағы жетістіктері үшін";
Айдана Нұртазина - "арбада билеу саласындағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың жетістіктері үшін";
Таңсәуле Серіков, ҚарМТУ қызметкері - "белсенді еңбек қызметі үшін";
Татьяна Головченко, сурдоаудармашы және педагог - "мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан үлесі үшін";
Валерия Нефедова, кәсіпкер - "мүмкіндігі шектеулі адамдарға мейірімді қарым-қатынасы үшін";
Светлана Сбродова, облыстық "Индустриальная Караганда" газетінің тілшісі – "ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмірін БАҚ-та үздік жариялағаны үшін".

Айта кетейік, Халықаралық мүгедектер күнін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы (БҰҰ БА) 1992 жылдың 14 қазанында жариялаған және жыл сайын бұл мереке 3 желтоқсанда аталып өтеді. Бұл күні Ассамблея БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді мүгедектердің қоғам өміріне одан әрі кірігуіне бағытталған іс-шараларды өткізуге шақырды.
 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы