Қарағандыда ер адам сауда үйін жарып жіберемін деп қорқытқан
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Кеше кешкілік қаланың орталығындағы «Таир» сауда үйінде мас ер адам ғимаратты жарып жіберемін деп қорқытқан. Оқиға орнынан 500 адам қауіпсіз жерге эвакуцияланды.
25 наурыз күні кешкі 19 сағат 46 минутта 102 нөміріне «Таир» сауда үйінің қызметкері қоңырау шалып, белгісіз ер адамның дүкенді жарып жіберемін деп қорқытқанын айтқан.
«Полиция департаментінің кезекші операторы оқиға орнына барлық шұғыл қызметтің мамандарын бағыттаған. Ғимараттан шамамен 500 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жедел тергеу тобының қызметкерлері мен сауда үйінің күзетшілері оқиға орнынан 31 және 39 жастағы екі қала тұрғынын ұстады. Олар алькоголді ішімдіктің әсерінен мас күйде болған. Мән-жайды анықтау барысында 31 жастағы қала тұрғыны орташа деңгейдегі мастықпен күзет қызметінің қызметкерлеріне сауда үйін жарып жіберетіндігін айтқандығы анықталды. Полиция қызметкерлері тінту барысында ұсталған азаматтан жарылғыш қауіпті заттарды тапқан жоқ», - дейді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз xатшысы Бақытжан Құдияров.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері аталған азаматтарға қатысты әкімшілік xаттама толтырған.
Полиция департаменті осы оқиғаға байланысты әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде жалған ақпараттардың тарап жатқандығын айтады.
«Жалған ақпарат тарату фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын ескертеміз», - дейді Бақытжан Құдияров.