Қарағандыда дәмханалар мен сауда үйлері қандай жағдайда қайта ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында карантиндік режимді кезең-кезеңмен жеңілдету жалғасуда. Жаңа жеңілдетулер 29 мамырдан басталады. Бірақ санитарлық-дезинфекциялық талапқа бақылау күшейтіледі.

Қандай нысандардың ашылуына рұқсат берілетіні туралы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде өткен брифинг барысында мәлім етті.

Облыста коронавирустық инфекцияның тұрақты тіркелуіне қарамастан, біз әлеуметтік және экономикалық өмірдегі шектеулерді жеңілдетудің жаңа кезеңін бастадық. 29 мамырдан бастап қоғамдық тамақтану объектілерінің, оның ішінде жазғы алаңдардың, сауда үйлері мен орталықтардың, сауда-ойын-сауық орталықтарының, бизнес орталықтардың, қонақ үйлердің, мейманханалардың, хостелдердің, балабақшалардағы кезекші топтардың қызметіне рұқсат етіледі, - деп хабарлады облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Мейрамхана, дәмхана және жазғы алаңдарда бір уақытта клиенттер 30-дан көп болмауы тиіс. Санитарлық-дезинфекциялық режимді және келушілер арасындағы қашықтықты кемінде екі метрге дейін қатаң сақтау қажет. Бұрынғысынша сауда үйлерінде, сауда-ойын-сауық орталықтарында, бизнес-орталықтарда және базарларда орналасқан тамақтану орындары жабық болып қала береді.

Сондай-ақ сауда орталықтарында кинотеатрлардың, балалар ойыналаңдарының және басқа да ойын-сауық орындарының ашылуына кезек жеткен жоқ. 

Балабақшалардағы кезекші топтар 10 баладан артық қабылдай алмайды. Үй-жайда жеке кіру және шығу есігі болуы тиіс. Ұйықтайтын орындардың арасында кемінде бір метр қашықтықты қамтамасыз ету қажет.

Қызметті жаңартатын объектілер үшін уақыт бойынша шектеу алынып тасталады. Оларға әдеттегі кесте бойынша жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Бизнес үшін жаңашылдық – облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің талаптарына сәйкестігіне дайындық актілерін алу. Бұл құжат жұмысты қайта бастауға рұқсат береді.

Облыс өңірлерінде нысандардың қызметін қайта бастауға дайындығын бақылау және бағалау үшін 55 мониторингтік топ құрылды. Оған тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау аумақтық басқармаларының мамандары, жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті полицияның, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы филиалының өкілдері кірді. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау аумақтық басқармасына алдын ала хабарлама беру және дайындық актісін алу қажет. Бұл қызметті жаңарту үшін міндетті шарт болып табылады, - деп түсіндірді Қанат Асқаров.


Мониторингтік топтар санитарлық талаптардың сақталуын одан әрі қадағалайтын болады. Тәртіп бұзушыларға айыппұл мен қатаң шаралар қолданылады, тіпті қызметін тоқтатуы да мүмкін.

Дайындық актісін рәсімдеу тәртібіне облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ернар Күлпеисов түсініктеме берді.

Кәсіпкер барлық талаптарды орындағанына сенімді болуы керек. Жазаға жол бермеген дұрыс. Дайындық актісін алуға өтінімді propusk.kz сайты арқылы беруге болады. Аталмыш атқарым жақын арада жұмыс істей бастайды. Бұл осы процедураны ашық етеді. Әрбір кәсіпкер нақты уақыт режимінде мобильді топ келген кезде оның өтінімі қандай сатыда екенін қадағалай алады. Нысан барлық нормаларға сәйкестігін тексереді және дайындық актісін береді. Мобильді топтардың негізгі міндеті – ақпараттық-түсіндіру жұмысы, бұзушылықтардың алдын алу, - деп түсіндірді ол.


Ернар Күлпейісовтің айтуынша, құқық бұзылған немесе өкілеттігінен асқан жағдайда кәсіпкерлер облыс прокуратурасы құрған мобильдік топтарға шағымдана алады. 

 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы