Қарағандыда бірқатар дәріханаға ереже бұзғаны үшін айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында мониторинг топтары 324 дәріхананы тексерді. Оның ішінде 36 дәріхананың тәртіп бұзғандығы анықталды. Олардың бірқатары жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен.

Тексерушілер дәрі-дәрмектерге шекті құнынан 20%-ға жоғары баға қойған алыпсатарлықтың жолын кесті. Сондай-ақ, препараттарды рецептісіз сату фактілері мен заңсыз фармацевтикалық қызмет жағдайлары анықталды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 50 материал қаралды. Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өндірісінде тағы 10 материал бар.

Бес хаттама ҚР ӘҚБК 424-бабының 1-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға қатысты жасалған ("Қызметтің осы түріне сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ тұлғаның заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметпен айналысуы"). Тәртіп бұзушыларға айыппұл салынды. Айыппұл мөлшері бес айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Қысқартылған өндіріс тәртібінде ҚР ӘҚБК 426-бабының 1-бөлімі бойынша 24 хаттама қаралды. Тағы 6 материал жеке тұлғаларға, 18 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қозғалған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3 458 610 теңгені құрады. Мамандандырылған әкімшілік соттарға дәріханаларда және заңсыз кәсіпкерлік қызметте бұзушылық фактілерінің анықталуы бойынша 8 материал берілді, - дейді облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы