Қарағандыда бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы талқыланып жатыр

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен бейбіт жиналыстар туралы заң жобасын талқылау бойынша қоғамдық тыңдалым өтуде.

Достық үйі ғимаратында өтіп жатқан қоғамдық талқылауға аймақтың қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнама қоғам арасында кең талқыланып жатқанын айтты.

Заңнаманы қабылдау барысында мемлекеттік органдардың, митингке шығушылардың ғана емес, митингке шыққысы келмейтін, митинг өтетін жерде тұратын халықтың да пікірін ескеруіміз керек. Яғни, шеруге шыққысы келмейтін, қауіпсіздік пен тыныштықты қалайтын тұрғындардың пікірі маңызды. Біз шерулер мен демонстрациялар өткізу тәртібін өзгертуді ұсындық, - дейді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, азаматтық қоғам өкілдерінің пікірлері ескерілетін болады.

Азаматтық қоғам өкілдерінің ұсынысы бойынша өзгертетін мәселелерге тоқталсам. Біріншіден, митингке қатысушылардың жасы бойынша шектеу алынып тасталды. Енді бейбіт митингтерге 18 жасқа толмағандар да қатыса алады. Бұрын митингке тек 18 жастан қатысады деген шектеу болатын. Біз бұл шектеуді тиянақты қарадық. Шыны керек, бұл шектеуді алып тастауды қаламадық. Бірақ шектеуді алып тастауымыз қажет, себебі бұл Балалардың құқығын шектеу конвенциясының талабы. Яғни енді 18 жасқа дейінгі балалар да бейбіт митингке қатыса алады. Екіншіден, бейбіт шеруді ұйымдастырушының кейбір міндеттері алынып тасталды. Мысалы, митингтің қатысушыларының саны белгіленген нормадан асқан уақытта митингті тоқтатуы қажет, - деді министр.
Сонымен қатар, бейбіт митингтерден хабар таратын журналистерге қатысты да заңнамаға өзгерістер енгізілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы