Қарағандыда азық-түлік бағасын қадағалау бойынша арнайы штаб құрылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Аймақтың сауда орындарында азық-түлік бағасының негізсіз өсуін болдырмау және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сатылымда болуын қадағалау мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Бүгінде дүкендер мен супермаркеттерде халыққа қажетті азық-түлік тауарларының барлығы сатылымда бар.

Елімізде коронавирус індетінің таралуын алдын алу мақсатында 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланғалы бері азық-түлік дүкендеріне ағылғандар қатары көбейген. Супермаркеттер мен дүкендердегі дүрлікпені пайдаланып, алыпсатарлардың тауар бағасын негізсіз көтеруін болдырмау мақсатында және де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сатылымда болуын қадағалау үшін облыста арнайы штаб құрылды. Бұл жайында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Әлеуметтік желілерде азық-түлік бағалары бойынша жазылып жатқан шағымдардың көптігін көріп жүрмін. Бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы бақылауда тұр. Сондай-ақ осы өнімдердің бағаларын және олардың сатылымда болуын қадағалау бойынша арнайы штаб құрылды, – деп жазды әкім.
Оның айтуынша, нан бағасын ұстап тұру үшін облыста бидайдың резервтік қоры құрылған. Осылайша, нанға деген қажеттілік толығымен жабылады. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласында бірінші сұрыпты 1 бөлке нан салмағына қарай 64-77 теңге аралағында, ал облыстың өңірлерінде 75-80 теңгеден сатылуда. Ал картоп бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті өндірушілерді қолдау арқылы бағаны ұстап тұру қарастырылған. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 1 маусымға дейін жететін мөлшердегі 1800 тонна картоп бар.
Қанттың биржалық тауар екенін және оның бағасы валюта бағамына толығымен байланысты екенін ескере отырып, бағаның объективті өсу себептері бар. Дегенмен қант тапшылығы жоқ. Наурыз айының басында аймағымызға теміржол арқылы 900 тонна қант жеткізілді. Сондай-ақ облыстың тұрақтандыру қорына 200 тонна қант сатып алынды, – дейді Ж.Қасымбек.
Аймақ басшысының айтуынша, бағалардың мониторингін және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сатылымда болуын күн сайын ҚР ҰЭМ бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті және Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізеді. Алыпсатарлықпен айналысатындар заң алдында жауапкершілікке тартылатын болады. Облыс тұрғындары әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жоқтығын байқаса немесе бағаның негізсіз өсуіне куә болса 50-76-39, 42-12-13 жедел желі телефондарына хабарласа алады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы