Қарағандыда ардагерлерге құрмет көрсетілуде
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында II дүниежүзілік соғысының 95 ардагері тұрады. Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жандардың әрбіреуіне 300 мың теңге көлемінде сый беріліп, лайықты құрмет көрсетілуде.
Бүгінде Қарағанды облысында 95 соғыс ардагері мен 10 мыңға жуық тыл еңбеккерлері тұрады. Биыл соғыс ардегерлері мен мүгедектеріне 300 мың теңгеден, ал ардагерлерге теңестірілген тұлғаларға 20-100 мың аралығындағы біржолғы көмек көрсетілді. Бұл үшін облыс бюджетінен 127 млн теңге бөлінген. Қалалық және аудандық әкімдіктер соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне салтанатты қабылдау шараларын өткізіп, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруда.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ардагерлермен кездесіп, оларды жеңістің 74 жылдығымен құттықтап, бейбіт өмір сыйлағаны үшін алғысын жеткізді.
«Сіздер бізге бейбіт аспан сыйладыңыздар. Сіздер отан үшін, жарқын болашақ үшін соғысып, жеңісті жақындаттыңыздар. Осы үшін сіздерге үлкен рахмет. Біз сіздердің ерліктеріңізді ұмытпаймыз және Ұлы Жеңіс жайлы естеліктерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін боламыз. Денсаулықтарыңыз мықты болсын. Сіздердің мықты рухтарыңыз бізге осы жеңісті сыйлады. Сол рухтарыңыз ешқашан төмендемесін», - деген тілегін білдірді аймақ басшысы.
Ұлы Жеңіске қазақ елінің қосқан үлесі зор. Қан майданда от кешкен ардагерлерің қатары жыл санап сиреп барады. Көбісінің жүріп-тұруы қиындаған. Дегенменде облыс әкімімен кездесуге 37 ардагер келді. Оларға лайықты құрмет көрсетеліп, ерліктері дәріптелді.
«Адамзат тарихында мұндай қанды соғыс болмаған.қаншама боздақтардың өмірі қыршынан қиылды. Осы соғыс біздің мойнымызға түсті. Енді мұндай соғыс болмасын, қан майдан қайталанбасын деп тілеймін. Алла бейбітшілік берсін, жастар мұндайды көрмесін», - дейді соғыс ардагері Алпан Итжанов.
«Майданға 7- сыныпты аяқтаған жылы 1944 жылы аттандым. Танк жүргізушісі болдым. Біздің ерлік ел үшін жасалды. Өзім Башқұртстан жерінде өмірге келгенмін. Бірақ өмірім осы жерде өтті», - дейді 93 жастағы соғыс ардагері Исмагил Галиуллин.
9 мамыр Жеңіс күні Қарағандыда бірнеше ауқымды іс-шаралар өтеді деп жоспарланған. Мереке «Мәңгілік полк» шеруінен басталады. Одан кейін «Мәңгілік алау» мемориалында «Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты митинг-реквием өтіп, Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров ескерткішіне гүл шоқтары қойылады. Қала тұрғындары мен қонақтары қаланың орталық саябағында, мәдениет үйлерінде өтетін салтанатты шаралар мен мерекелік концерттік бағдарламаларды тамашалай алады. Осы күні кешке Жеңіс саябағында Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Мен Ұлы Жеңіс ұрпағымын» атты театрландырылған бағдарлама қойылады. Қойылымға астаналық хореограф және «Әртісдэнс» ұжымы шақырылған. Қойылым соңы мерекелік отшашумен жалғаспақ.