ҰОС ардагерлері 1 млн теңгеден сыйақы алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге дайындық басталды. Қалалық әкімдікте ардагерлерге мерейтойға орай берілетін материалдық көмек мөлшері айтылды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Биылғы жылы Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 75 жыл толады. Қалалық іс-шаралар жоспарының жобасы дайындалды. 9 мамырда дәстүр бойынша "Мәңгілік Алау" әскери Даңқ мемориалында еске алу митингі өтеді. Жеңіс саябағында мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады, - деп хабарлады Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Дархан Жиенбаев аппарат кеңесінде. 
Ұлы Отан соғысына қатысушылар 1 миллион теңге көлемінде бір жолғы төлем алады. Сонымен қатар, ардагерлерге қамқорлық көрсету мақсатында "Ардағым Ардагерім" акциясы жалғасуда. Жастар арасынан волонтерлер тазалау немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу, тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектесу үшін қарт адамдардың үйлеріне барады.

Ақпан айында Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл толады. Бөлім басшысының айтуынша, жауынгер-интернационалистерге 100 мың теңгеден материалдық көмек төленеді.

Қарағандыда Ұлы Отан соғысының 38 ардагері мен Ауған соғысының 698 қатысушысы бар.
 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы